Баталов басқарма басшысынан НЕГЕ көз жазып қалды?

0

Жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысының Кәсіпкерлік және Индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Темірлан Разбековке қатысты соталды тергеу ісі басталғанын хабарлады.

Алматы облысы бойынша Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі былай деп мәлімдеді: «Кәсіпкерлік және Индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы мен мердігер ұйымның басшылығы аса ауыр жемқорлық қылмыс бойынша күдікке ілінді.

Басқарма басшысы ЖШС басшылығынан 33 500 доллар пара алған болуы мүмкін. Бұл – облыс аумағында салынуға тиіс құрылыс нысандарына бөлінген 666 млн теңгенің 15% «откаты» есебіндегі 90 млн теңгенің бір бөлігі…»

Антикор таратқан ақпаратқа қарағанда, басқарма басшысы Т.Разбеков ЖШС-ны конкурстан кедергісіз өткізіп, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еш кедергісіз жұмыс істеуіне кепілдік берген.

Т.Разбеков.

«Лауазымды тұлға, құрылтайшы және мердігер ұйымның директоры аса ірі көлемде пара алды және пара берді деген күдікпен ұсталып, Алматы облысының уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі таратқан мәліметте.

Т.Разбековтің жасы 33-те екен. Өткен жылдың маусымында ғана Кәсіпкерлік және Индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалыпты. Қазақ-британ техникалық университетін және Канаданың Карлтон университетін экономика және басқару мамандығы бойынша тәмемдаған. Әр жылдары түрлі компанияларда жұмыс істеп, 2014 жылы өзі басшылық еткен басқармаға бас маман болып келген екен.

Тағайындалғанына бір жылдан бір ай ғана асқан басқарма басшысының «аса ірі көлемде пара алуына» не түрткі болды? Көрсеқызарлық па, әлде оны әлдекім мәжбүрледі ме? Облыс әкімі А.Баталов неге басқарма басшысынан «көз жазып» қалды?

Дереккөздің айтуынша, әкім А.Баталов қарамағындағыларға «аяғын аңдап басуды» ескертудей-ақ ескертетін көрінеді. Өйткені күзге қарай ауыс-түйіс болуы мүмкін. Әкімнің ескі жарақаттары да қайта қозып, денсаулығы сыр беріп жүргені тағы бар. Осындай жағдайда Амандық Ғаббасұлының зейнет демалысқа тыныш кеткісі келмейді деп ойлайсыз ба? Бірақ олай болмайтын түрі бар…

А.Баталов пен С.Тұрдалиев.

Істі болған басқарма басшысы Т.Разбеков облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевке тікелей бағынышты екен. Облыс әкімдігінің сайты солай дейді.

Бірақ бұл жайт облыс әкімінің атына кір келтірмейді деген сөз емес. Қалай болғанда да таяқтың бір ұшы Амандық Ғаббасұлына тиетіні анық…

 

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.