Бүгін – Құрбай айт мерекесінің бірінші күні

0

Бүгін барша мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбай айт мерекесі басталды.

 Биылғы Құрбан айт та коронавирус пандемиясына байланысты карантин шектеулерімен тұспа-тұс келді. Айт күні 20 шілдеде басталып, 3 күнге созылады.

Республика аумағында «сары», «жасыл» аймақтарда таңғы сағат 7.00-де қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып, 10 минуттық Құрбан айт намазы оқылады.

Ал «қызыл» аймақта Құрбан айт намазын оқу жергілікті санитарлық мемлекеттік бас дәрігердің қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы мешіттерде дәстүрлі айт намазы өткізілмейді. Адамдардың көп мөлшерде жиналмауын қамтамасыз ету мақсатында жылда құрбандық шалу рәсімдері өтетін базарлар мен шаруа қожалықтарының жұмысы Құрбан айт мерекесі кезінде тоқтатылады.

Алматыда да эпидемиялогиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты, Құрбан Айт намазы қала мешіттерінде оқылмайды.

Сондай-ақ Құрбан айт күндері елдің базардан мал таңдап алып, оны өз қолымен союына және көпшілік іс-шараларды өткізуіне тыйым салынады.

2021 жылы құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады.

Бірінші жолы: мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитария ережелерін қатаң сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу.

Екінші жолы: еліміздің «қызыл» аймақтарында пандемия жағдайында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асыру. qurban2021.kz сайты Құрбан айттың үшінші күні яғни 22-ші шілдеге дейін жұмыс істейді.

Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар осы аралықта тапсырыстарын бере алады және республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш білдіре алады.

Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері және еріктілер айналысады. Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан еш шектеу жоқ. Ханафи мәзһабында Құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп яғни міндет.

Шариғат бойынша «бай» деп мал-дүниесі нысап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нысап мөлшері – 40 қой немес 40 ешкі, яки 30 ірі қара немесе 5 түйе. Ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 грамм алтын яғни 1 230 000 теңге қаражат – нысап мөлшері.

Мал-дүниесі нысап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

«Сары» және «жасыл» аймақтағы құрбандық шалатын арнайы орындарда Аshyq мобильді қосымшасы іске қосылады. Атап айтқанда, «қызыл» және «сары» мәртебесі бар азаматтар құрбандық шалу орындарына жіберілмейді, «көк», «жасыл» мәртебесі бар азаматтар ғана жіберіледі. Құрбандық шалатын орындарға бару үшін алдын ала жазылу қажет.

20 шілде күні сағат 7:20 дан бастап «сары», «жасыл» аймақтағы өңірлерде алдын ала жазылған тұлғалар белгіленген уақытта арнайы қасапханада құрбан шалады, әрбір адамға 1 сағат уақыттан беріледі. Қасапханаға келетін адамдардың дене қызуын өлшенеді, антисептик пен маска қойылады.

«Қасапханаға міндетті түрде бетперде тағып кіріп, антисептик заттарын барынша пайдалану керек. Арақашықтықты қатаң сақтау, бір-бірімен қол алыспау, дене қызуы 37 градустан жоғары, тұмау және басқа да ауру белгілері бар адамдарға келмеу және жасы 65-тен асқан қариялардың, әйелдер мен балалардың құрбан малын шалатын орындарға бармауы сұралады», — деп түсіндірді ҚМДБ өкілдері.

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.