«Сұлтан Сарай» мейрамханасына хаттама толтырылды

0

Елімізді есеңгіретіп жіберген індет әлі күнге айылын жимай отыр. Әрқайсымыз өз ортамызда жақындарымыз үшін жауапкершілік танытпасақ, соңы өкінішті жағдаймен аяқтала бермек.


Індет адам таңдамайтынын, ұлт талғамайтынын түсінгеніміз жөн.

Той қазақтың қазынасы. Бірақ, індет жұқтырғандардың 70%-ы той-томалақ, жиындар мен адам көп шоғырланатын жерлерден туындап отыр.

Бірақ денсаулықтан бұрын қалтаның томпайғанын қалаған Бектөбе ауылындағы «Сұлтан Сарай» мейрамханасы шектеу шараларын елемейтінін аңғартты.

Кеше Бектөбе ауылында мониторингтік топ кезекті рейд барысында тойдың үстінен түсті.

Онда жүз адамнан аса жиналған үйлену тойы өтіп жатыр.

Мейрамхана қожайыны аймақтағы шектеу шараларына қарамастан түрлі айла-амалдарға барды. Есік-терезелерін жауып алып, сыртқа екі-үш адамды күзетке қалдырып, зерделеуге келуші шұғыл топты жақындатпау үшін барын салды.

Рейд барысында мониторинг топ мүшелері мен учаскелік полиция инспекторлары тойды ұйымдастырғандарға хаттама толтырып, ауыл тұрғындары мен той жасаушы көпшілікке отбасылық мерекелер мен көп адамның жиналуымен байланысты кез келген шараларға қатыспауға, жасамауға байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.