«Сап сау баламды өлтіріп кетті». Шымкентте әйел бір жарым айлық сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды

0

Шымкентте бір жарым айлық сәби шетінеп кеткен. Нәрестенің ата-анасы бұған дәрігерлерді кінәлап отыр.

Ата-анасы ақ халаттылар дұрыстап ден қоймағандықтан кішкентай Сұлтанның ауруы асқынған, дейді. Алғашында өкпе қабынуымен дәрігерлерге жеткізілген сәбидің кейіннен ішегі іріп кеткені белгілі болады. Бұндай ауыр диагнозға шақалақтың ағзасы төтеп бере алмаған. Ал дәрігерлер болса, ата-анасы тілхатпен ұлдарын сұрап әкетіп, емдеу процесін үзіп алғандарын айтады. Бір жарым ай бауырына басқан баласынан айрылған Асылзат күнде жылайды. Шаранасынан ендігіде естелік ретінде тек суреті ғана қалған.

Екі құрсақ көтерген 24 жастағы келіншек кенжесінен бұлай көз жазып қалғанына әлі де сене алар емеспін дейді.

“Негізі біз өкпесімен түскенбіз. Олар кейін реанимацияға түскен кезде ішегімен деді. Ішегіне инфьекция түскені, сен екі қабат кезде анасының екі қабат кезінде балаға барған сол инфьекция деді. Бірақ жүктілік кезінде менде инфьекция болмады”, – дейді Асылзат Райымқұлова.

Асылзаттың айтуынша, ол баласымен ауруханаға екі мәрте түскен. Алғашында өкпесі қабынып, одан айыға бастаған сәтте анасы да ауыр сырқаттанған соң, күйеуі шарананың емін тоқтатып, шығарып алуға тура келіпті. Араға санаулы сағат салып, сәбидің жағдайы тіптен нашарлаған соң, ауруханаға қайта беттеген. Бірақ бұл кезде балаға қойылған алғашқы диагноз одан да қауіптісіне ауысыпты.

“Өкпедегі қабыну процесі миға, жүрекке, іш қуыс органдарына, бауырға, бүйрекке және бірінші кезекте ішектің экротикалық қабынуына алып келеді. Баланың өліміне себебі осы септикалық жағдай. Ішектердің әрі қарай некротикалық процестің әрі қарай өршуі, қабынуы осындай жағдайға алып кеп отыр”, – дейді Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сұлтанғали Сарыбай.

Дәрігерлердің айтуынша, балаға араға бірнеше күн салып, бір емес, екі ота жасапты. Бірақ ауыр диагнозбен аман алып қалу мүмкін болманын айтады.

Әкесі анасының ауырып қалғанына байланысты баланы үйіне шығарғанын ақ халаттылар да растады. Оған қатысты тілхаты да бар екен. Сол санаулы сағатқа үзілген ем-дом шарананың жағдайын ауырлатып жіберген деп отыр. Ал қазір ем-домның дұрыс жүргізген-жүргізбегенін анықтау үшін тиісті сот медициналық сараптама қорытындысы күтілуде.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.