Асарлатып салынған үйдің кілті тапсырылды

0

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы өңірде сәтті жүзеге асырылуда. Мысалы, өткен жылы осы жоба аясында Т.Рысқұлов ауданында жоспарланған 16 үйдің 14-і салынып, 2 дайын үй сатып алынып, мұқтаж отбасыларға беріліп, қоныс тойы тойласа, биыл тағы да 15 үйдің кілті мұқтаж жандарға табысталады деп жоспарланды. Осыған орай, бүгін Луговой ауылында тағы бір отбасы баспаналы болды.

Қоныстой иесін құттықтау үшін игі іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ә.Терлікбаев, аудандық Ішкі істер басқармасының басшысы О.Омарбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Бижанов және көмек қолын созып, өз үлесін қосқан жандар, баспаналы болғандардың ет бауыр жақындары жиналды.

Сауапты іс ауданның ерікті жастарымен құрылған «Жан жылуы» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асып отыр. Жобаға жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және де қарапайым ауыл тұрғындары ақшалай аударып, игі іс атқаруға ниеттерін білдірген. Баспана кілтін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов табыстап, бірлік бар жерде тірлік бар екенін тілге тиек етіп, асарлатып үй салған ауыл тұрғындарына алғыс айтты.

Тұрғын үйдің бой көтеруіне айрықша үлес қосқан ауыл азаматтары мен кәсіпкерлерге аудан әкімі Ерболат Садырқұлов қуанышын жеткізіп, алғысхаттармен марапаттады.
Жаңа баспанада  қолайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Қайырымды жандардың демеушілігімен баспана 3 ай мерзім ішінде қолданысқа беріліп отыр. Жалпы жобаға 5 миллионға жуық қаражат жұмсалған. Ауыл кәсіпкерлері, блогерлер, сырттағы аудан тумалары, ауыл жастары мен ауданның жанашыр азаматтары демеушілік көрсетуімен жүзеге асқан бұл жоба мұнымен тоқталмай, алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Ал, ерекше бала тәрбиелеп отырған ана Тулендиева Дария қуаныштан көз жасына ерік берді. Ол жанашыр жерлестеріне алғыс айтып, әрбір үйде мереке бола беруін тіледі.

«Келісті атаның жолы – кейінгіге үлгі» демекші, жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асар» ісі ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.