Президенттің сұрағына Трұмов НЕГЕ жауап бере алмады?

0

Өткен апатаның соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы саясаттағы іш пыстырарлық тыныштықты бұзғандай болды. Президент күзді күтпей-ақ Ауыл шаруашылығы министрін отставкаға жіберді, америкалық вакцинаның келмей қалуына жауапты шенділерді жазалауды тапсырды. Жекелеген әкімдерді де ұйқысынан оятты.

Президент Қ.Тоқаев жақын уақытта Маңғыстау облысындағы проблемалық мәселелер жөнінде кеңес өтетінін айтты. Маңғыстаудың шешілмеген мәселесі облыс әкімі Серікбай Трұмовтың отставкасына ұласуы әбден мүмкін. Өйкені Үкіметтің кеңейтілген отырысында Трұмовтың баяндамасына Президенттің көңілі толмағаны байқалды.

Баяндамадан соң Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмовқа бірнеше сұрақ қойды.

«Мұнай және мұнай саласындағы қызмет көрсету кәсіпорындарындағы жағдай әлі қиын. Мұның себебі неде? Әкімдік қандай шара қолданып жатыр?», – деп сұрады Президент.

«Өткен жылы мұнай-газ саласында аса қиын жағдай қалыптасты. Жыл басында мұнайдың бағасы түсуі пандемиямен, ОПЕК+ шектеулерімен байланысты. Соның салдарынан қызмет көрсету компанияларында жұмыс қысқарып, проблема туындады. Қазір біз «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, мәселені шешу үшін жүйелі жоспар жасадық. Мақсат – шешуші мұнайшылар мен қызмет көрсету компанияларының айлығын теңестіру. Өйткені атқарылатын жұміс бір, бірақ жеке компанияларда тариф төмен. «ҚазМұнайГазға» тиесілі кәсіпорындарда тариф сәл жоғарылау. Сондықтан қазір жүйелі іс-шаралар жасап, мәселені Үкімет алдына қою үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Бізде үшжақты арнайы комиссия бар. Туындаған мәселені комиссия құқық қорғау органдарымен бірлесіп қарастырады. Мұнай саласындағы компанияларда туындаған проблемалардың негізі жалақыға байланысты», – деді С.Трұмов.

Фото: gov.kz

Облыс әкімі бар кінәні карантин мен пандемияға, соның салдарынан құлдыраған мұнай бағасына аударуға тырысып баққысы келетіндей.

Мемлекет басшысы былай деді: «Маңғыстау облысының әлеуеті жоғары. Транспорт логистикасы, туризм, арнайы экономикалық аймақ бар. Жақын арада Үкіметпен, «ҚазМұнайГазбен» және басқа да компаниялармен бірге аймақтағы проблемалық мәселелер жөнінде арнайы кеңес өткізетін боламыз».

Соңғы уақытта Маңғыстау облысында Мемлекет басшысының жүйкесіне тиетін жайт көбейіп кетті. Әр-әр тұстан мұнайшылар, түрлі наразы топтар бас көтеріп, Трұмовтың да ұйқысын қашырып жүр. Бұған ең алдымен жауапты облыс әкімі болмақ.

«ҚазМұнайГаздың» басшылары Трұмовты тыңдамауы да мүмкін. Трұмовтан әлдеқайда ықпалды, әлдеқайда жонды Қ.Көшербаев 2011 жылы Маңғыстау облысын басқарып тұрғанда «ҚазМұнайГазға» сөзін өткізе алмай, оның ақыры Жаңаөзендегі қырғынға әкеп соққан…

Мемлекет басшысы мұны жақсы түсініп отыр. Сол себепті де Үкіметті, «ҚазМұнайГазды», әкімдікті, басқа да компанияларды қосып, арнайы кеңесті өзі өткізбек.  

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.