ГРОДЕКОВОДА «STREET WORKOUT» АШЫЛДЫ

0

Бұл күні ауданымызға қарасты Гродеково ауылының балалары алақайлап қуанды. Қалай қуанбасқа, ауылда заман талабына сай «Street Workout» ашылып жатса. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – ашық аспан астындағы спорт алаңы.

Жер-жерлерде бұқаралық спортты дамыту туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», – деді ол.

Ал, гродековолық балаларға қуаныш сыйлаған кәсіпкер – Андрей Тимофеев. Ол «Туған жерге тағзым» және «Жомарт түлек» жобасы аясында жас өрендерге саламатты өмір салтын ұстансын деген ниетпен осы нысанды салып беруге үлкен үлес қосты.

– Ауылымызға қаладағыдай «Street Workout» салынғанына ризамыз. Балаларға уақыттарын тиімді өткізу үшін жасалып жатқан мүмкіндік бұл. Бәрімізге қуаныш сыйлаған демеушіге рақметімізді айтамыз, – деді ауыл тұрғындары.
Олар енді таңертеңнен бастап дене шынықтырып, түрлі жаттығулар арқылы белсенді қозғалысқа ене алады. Ашық аспан астындағы алаң әсіресе буын, қантамыр ауруларына шалдыққан ересектерді қатты қуантып отыр. Бұл ойын алаңы 20-дан астам түрлі снарядтан құралған. Қозғалыс құралдары түрлі жаттығуларға сәйкес жасалған әрі тегін.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту ретінде салынған спорттық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев арнайы қатысып, округ халқын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Айта кетейік, осыдан 10 жыл бұрын АҚШ-та пайда болған «Street Workout» спорттық бағыты еліміздің барлық өңірінде қарқынды түрде дамып келеді. Бұл спорт түрімен бүгінде округте 100-ге жуық жас айналысады. Енді бұл қатарды өзге ауылдық округтің спортшылары да толтырады деген сенімдеміз.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.