ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫ – ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА

0

Жыл басында Әулиеата жұртшылығы қос бірдей азаматын сонау Елорда төріне аттандырып, халық қалаулысына лайық деп танығалы біршама уақыт өтті. Ел сенімін ақтау үшін олар жұмысқа кіріскен күннен бастап-ақ, жамбылдықтардың түйіткілді мәселелерін көтеріп, шешу жолдарын қарастыруға күш салды. Үкілі сенімнің үдесінен шығуға білек сыбана кіріскен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мешелері Мейрамбек Төлепберген мен Гүлдара Нұрымованың облысымызға жұмыс сапарымен қайта қайырылуы оларға түскен таңдаудың бекер емес екіндігін аңғартса керек.

Жұмыс кестесін Тараз қаласынан бастаған депутаттар кеше Жамбыл ауданында болып, тұрғындармен жүздесіп, олардың талап-тілегіне құлақ асып, әлеуметтік нысандарды аралады.
Алдымен халық қалаулылары Гродеково ауылына барып, Андрей Тимофеев басшылық ететін «Тимофеев» шаруа қожалығындағы тынымсыз тірліктің куәсі болды.

Жеке кәсіпкер 1994 жылдан бері егін егіп, мал асырап, өнімін сатылымға шығарып, табыстың тайқазанын тасытып отыр. 2500 гектарға бидай, арпа, жүгері, жоңыршқа, пияз, сәбіз егіп, 34 адамды жұмыспен қамтыған шаруа қожалықта 15 дана трактор, 5 бірлік комбайн, тіркеме цистерна және басқа да ауылшаруашылық техникалары бар. Бұдан бөлек 1500 тонна көкөніс сақтауға арналған аумағы 800 шаршы метрді құрайтын 4 қойманың жұмысымен таныстырған Андрей Алексеевич 350 бас шошқа, сүтті сиырлар мен олардың төлдері қоныстанған қора-қопсықты көрсете келіп, сүт, ірімшік, құрт секілді өнімдер шығарылатын кішігірім цехтың жұмысына шолу жасады. Тірліктің көзін таба білген ол кәсібінде кейбір мәселелердің бар екенін жасырмады.

Андрей Тимофеев мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктердің, субсидияның шарапатын көрмей отырғанын, өнімді қаланың түкпір-түкпіріне сатылымға шығарғанымен ондағы дөңгіршектерге берілген жер көлемі қуықтай екенін қынжыла жеткізді. Расымен, Андрей Алексеевия тек кәсібімен ғана танымал емес, оның жомарттығы, ауыл тұрғындарына қарайласып көмек көрсетуі өз алдына бір төбе. Оны мұқият тыңдаған Гүлдара Алданышқызы қойын дәптеріне түртіп алып, өз бақылауында ұстайтынын қадап айтты.
Сондай-ақ депутаттар партияның өңірлік Сайлауалды бағдарламасындағы аргарлық саланы дамытуға бағытталған тармақтарға тоқталды. Атап айтқанда, облыс аумағында 2022 жылы 7 жаңа су қоймасын салу есебінен 34,5 мың гектар жерді қалпына келтіру және 2025 жылға дейін каналдарды жаңарту бойынша жұмыс жүргізілетіні туралы мағлұмат берді.

Мұнан соң халық қалаулылары екі топқа бөлінді. Кестелік жұмыс жоспары бойынша Гүлдара Алданышқызы Гродеково ауылдық Мәдениет үйінде жергілікті жұртшылықпен жүздесіп, олардың талап-тілегіне құлақ түрді. Жүздесуден соң депутат мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру білім ордасының, аудандық емхананың жұмысымен, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедек балаларды бейімдеу орталығының жұмысымен етене танысып, медицина қызметкерлерімен жүздесіп, олардың сауалын назар алды.

Ал Мейрамбек Мылтықбайұлы Жалпақтөбедегі өнер ордасында тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізіп, ауызбіршіліктің қастерлі ұғым екенін жеткізді. Партияның алға қойған жоспарлары бойынша тарқата айтып, 2025 жылға дейін еліміздегі 3500 ауыл жаңа стандартқа сай өзгертілетінін, 8400 жұмыс орны ашылатынын БАҚ өкілдеріне мәлімдеді. Кездесуден кейін Мейрамбек Төлепберген Айшабибі ауылындағы 300 орындықты мектептің құрылысын қарап шықтыү

Халық қалаулыларының ауданымызға сапары кезінде аудан әкімінің орынбасарлары Нұрлан Несіпбеков, Ерлан Қыдыралыұлы, Олжас Баққараев және округ әкімдері мен тиісті сала басшылары бірге жүрді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
«Шұғыла».

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.