«Есіктен кіріп келетіндей көрінеді»: Дарико Хасанғалиева жарының өмірінің соңғы күндері туралы алғаш рет сұхбат берді

0

Биыл 30 сәуірде халық әртісі, аңыз әнші, ұлы композитор Ескендір Хасанғалиев 81 жасында өмірден озды. Әртістің 40 күндік асынан кейін жұбайы Дарико Хасанғалиева эксклюзивті сұхбат берді. Марқұм жары туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, өмірінің соңғы кезеңдері жайлы есіне алады.

Ескендірдің көзі маған түседі деп ойлаған жоқпын

Қарағандыда атақты композитор, әнші келе жатыр, концерт береді деп барлығы шулады. Әкем менің сол концертке барғанымды қатты қалады. Ал мен ол кезде Мәскеуде оқитынмын. Жолға жиналып жатқан едім: “Айналайын, Дарико, осы концертке баршы” деп әкем тұрып алды. Ол кісі өз айтқанын істетпей қоймайтын, қатал кісі еді.

Қазір ойлап қарасам, егер әкем сол концертке мені жібермегенде Ескендір ағаларыңмен таныса алмай қалатын ба едім. Сондықтан әкеме әрқашан рахметімді айтып отырамын.

Бірақ ол концертте Ескендірдің көзі маған түседі деп ойлаған жоқпын. Концерт біткен соң, құрбымыз екеумізді досы арқылы шақыртып алып танысты. Маған “Сәлеметсіз бе?” деді. Ал мен “Здравствуйте” дедім. Сонда Ескендір ағаларың: “Мен орысша дұрыс білмеймін. Ал мына қыз қазақша білмейді екен деп қорқып қалдым” деп айтатын. Сондай кісімен концертте танысып, отау құрғаныма бақыттымын.

Концерттен кейін танысып, әңгімелесіп болған соң Қарағандыны араладық. 1-2 сағаттан соң мен Мәскеуге ұшып кеттім. Бір қызығы біз бір-біріміздің мекенжайымызды алмаппыз. Содан 3 жыл бойы хабар-ошарсыз кеттік.

Алматыға келгенде концерттеріне барып жүрдім, сонда құрбыларым “барып сахнаға шығып гүл берсеңші, сені көрсін, есіне түсірсін” деп ақыл айтатын. Бірақ мен ондай қадамға барған жоқпын. Оқудан оралған соң туберкулез институтының жансақтау бөлімінде жұмыс істеп жүрдім. Ескендір ағаларыңыздың досы институтқа Мәскеуден жас әдемі қыз келді деп айтыпты. Аты кім деп сұраса, Дарико дегенді естіп, бірден мені іздеп келіпті. Содан қайтадан танысып, сөйлестік. Сонда мен “Алғашқы таныстықтан кейін үш жыл өтті. Неге іздемедіңіз?” деп назданып едім, “мен сені іздедім, құрбыларыңнан да сұрадым, бірақ олар адресті білмеймін деп, бермей қойды” деп айтты. Бірақ құрбыларымның бәрі менің адресімді білетін. Жарайды деп ол әңгімені сол жерде тоқтаттық. Ескендір сол кезде қолымнан ұстап, содан бері жіберген жоқ. Мен тағдырға рахметімді айтамын. Осындай үлкен жақсы азаматпен танысып, үлкен отбасы болдық. Мың алғыс.

Үлкен той болған жоқ

Ескендір ағаларымен бірге ең жақын деген 2-3 досын ғана ертіп АХАЖ бөлімінде некемізді қидық. Ешқандай да үлкен той болған жоқ. Қарапайым ғана бір кафеге кіріп, атап өттік. Бірақ ауылға барғанда Ескендірдің отбасы өз салт-дәстүрі бойынша істеу керек ғұрып-жоралғыларын жасады. Ауылда жүргенде мен көп нәрсені түсінбедім. Ескендірдің достары қалжыңдасып, әзілдеп менімен ойнайтын. Ал мен олардың сөзін түсінбей жылап қалатынмын.

Ескендірдің анасы мені қатты жақсы көрді. Тіпті оған “Егер Дариконы ренжітетін болсаң, мен о дүниеде тыныш жатпаймын” деп ескертті. Содан кейін Ескендір менің көңіліме қаяу түсірген жоқ, мен де оны ренжітпедім. Тату-тәтті тұруға тырыстық.

Түнде телефон соғып, “күйеуің менің қасымда жатыр” дейтін әйелдер болды 

«Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» демекші, бізде де ұрыс-керіс болды. Біздің махаббатымызды көре алмайтындар түрлі құйтырқы істерге баратын. Үйге телефон соғып, әртүрлі жағымсыз сөздер айтатын. Телефонның арғы жағынан бір әйел: “Ой, подумаешь твой муж рядом со мной спит!” дегенде Ескендір ашуланып, “Что?!!!” деп ақыратын. Сонда ар жақтағы адам телефонды қоя салатын. Көп қиындықтан өттік. Мен үнемі отасқан алғашқы 5 жылымыз өте қиын болды деймін. Өйткені мен туберкулезден емдейтін аурухананың жансақтау бөлімінде істедім. Бір тәуліктен ұзақ кезекшілікте боламын. Ал Ескендір ағаларың концертке, гастрольдік сапарға кетеді. Екеуміз бір-бірімізді түсінбедік. Бір күні Ескендір жұмыстан келіп, «Ты любишь меня?!» деді. «Конечно, люблю. Если бы не любила, я бы за тебя замуж не вышла» дедім. Ол «Мен де сені қатты жақсы көрем. Сондықтан да ренжіспейік. Түсініспеушілік болды. Енді қайталанбайды» деп артымнан келіп мені құшақтайтын.

Елге танымал адам болған соң көре алмайтындар көп болды. “Дарико осындай танымал адамды қайдан тауып алды” дейді. Кейбір қыздар қызғаныштан «сенің бетіңе сіркесу құйып жіберемін» деп мені қорқытатын. . Реніш болса, Ескендір ағаларың дереу ән жазуға отырады. Музыкасын ойнап асханада жүрген мені артымнан келіп құшақтайды. Бәрі өтті-кетті деп мені жұбатады. 50 жылға жуық бірге болған отбасы да ұрыс-керіс те, реніш те болады. Бірақ оның бәрін реттеп отыру керек.

Біржан туғанда Ескендір Шымкентте оқуда жүрген

Ескендір ағаларың ұл бала болғанын қатты армандады. Халық та «ұл тап» деп тілек айтатын. Алдымнан жолыққанның бәрі ұл тусаң екен деп тілейтін. Аллаға шүкір сол тілектердің арқасында Біржандай ұлым дүниеге келді. Өзі аумаған әкесі. Екеуі де шығармашылық жолындағы адам.

Ескендір ол кезде әл-Фараби атындағы Шымкент институтында оқитын. Менің ай-күнім жақындаған кезде сенімді достарына мені тапсырып, бас-көз болуын өтінді. Өзі оқуын аяқтау үшін Шымкентке кетті.

Босанатын күні кешке толғақ басталып, достары келді. Ең қызығы, Ескендір ағаларың ақпан айында туған. Мен де баламызды сол айда туғым келді. Қатты армандадым десем болады. Ең болмағанда 1 ақпан туылса екен деп құдайдан қатты тіледім. Толғағым жиілегеніне қарап, 13 ақпанға үлгермейтінімді ұқтым. Содан су кетіп, толғақ арасы жиілей бастады. Сонда түнде жолдастары су кетіп жатыр деп Шымкенттегі Ескендірге хабарласыпты. Ол ұйықтап жатса керек, үйді су шайып жатыр екен, сел жүріпті деп ойлапты. “Ойбай, біздің үй қалай, апаларың ше, Дарико аман ба?”деп абдырап қалыпты. Достары “түсінбей қалдың, толғақ басталды” деп айтқанда ғана түсініпті.

Менің қуанышыма орай түнгі он екіден он минут кеткенде, яғни,1 ақпанда Біржаным өмірге келді. Босанып болған соң, қатты әлсіреп қалдым, жүрегім де ауыратын. Таңертең көзімді ашсам, қасымда Ескендір ағаларың отырғандай сұлбасы көрінді. Көзімді қайта жаптым, елестеп жатқан шығар деп ойлап қалдым. “Дарико, айналайын” деп қолымнан қысып ұстағанда ғана Ескендір қасымда отырғанын білдім.

Ол жылдары Алматы мен Шымкент арасында ұшақтар көп. Негізінде, өзіңіз білесіз, перзентханаға ешкімді кіргізбейді. Бірінші рейспен ұшып келіп, дәрігермен сөйлесіп, менің палатама кіріпті. Өмірге менің арманым келді, бақыттымын деп риза болып отырғаны есімде. Атын өзі қойды.

«Дарико апай, сіз немелеріңіз бен балаларыңыз үшін өмір сүруіңіз керек»

Ағаларыңыз бір жерден шыға келетіндей көрініп тұрады …(көзіне жас алып – ред.)

Осы қыста мен сүрініп кетіп аяғымды ауыртып алдым. Екеуміз ауруханаға жаттық. Он күн өткен соң шығу керек болды. Сол күні Ескендір жөтеле бастады. Мені де жөтел қысып, өзімді жайсыз сезіндім. Ауруханадан шыққаннан кейін ПТР-тестін тапсырайық деп едім, келісті. Оның нәтижесі оң болып, екеуміздің коронавирус жұқтырғанымыз анықталды. Ауруханаға жатқан соң үш күннен кейін жансақтау бөліміне түстік. КТ жасаған кезде оның өкпесі 25 процент, менікі 75 процент бүлінген екен. Өзімнің денсаулығым үшін алаңдап қалдым. Қиын болатынын бірден түсіндім. Бірақ осыдан 2-3 жыл бұрын Ескендірдің жүрегіне ауыр ота жасалған. Ал мына вирус қосылған соң дем алуы қиын болды. Дәрігерлер өкпесінен емес, жүрегінен қайтыс болғанын айтты. Жүрек әлсіз болды. Шыдамады…

Екеуміз жансақтау бөлімінде жақын палаталарда жатырмыз. Ескендірдің жанына жиі-жиі баратынмын. Құшақтап «бәрі жақсы болады» деп денесін сипалап кететінмін. Соңғы күні сағат 4-те бардым. Ескендір қиналып жатыр екен. «Ескендір, уайымдама. Бәрі жақсы болады» деп қолынан сипадым. Сонда «аһ» деп менің дауысымды естіп шамалы есін жиып, жүзі күлгендей болды. Содан өз палатамы келіп, екі сағат бойы басымды көтере алмай, не ұйықтай алмай отырдым. Содан бір уақытта Біржан кіріп келе жатыр. «Сен қалай кірдің, мұнда ешкімге кіруге болмайды ғой» дедім. Ойымда жаман нәрсе жоқ. Ол менің хәл-жағдайымды сұрап болған соң, «әкемізден айырылып қалдық» деді. Айналамда науқастар жатыр. Тамағыма өксік тығылып, үнім шықпай «мүмкін емес» деп бетімді жауып отырып қалдым. Оның қасына барғым келді. Бірақ оның денесін алып кеткенін айтты. Ауруханаға барып, жарымнан айырылып қаламын деп ойлаған жоқпын.

Енді суреттерге қарап «қандай бақытты едік» деп есіме аламын. Әрине, ол енді келмейді. Бірінші күндері орнымнан тұрғым келмеді. Өз денсаулығым да мәз емес. Қазір де жақсы емеспін. Дәрігерлер «Дарико апай, сіз немелеріңіз бен балаларыңыз үшін өмір сүруіңіз керек» деген соң ғана есімді жиғандай болдым …

 

Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтемеден қараңыз:

 

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.