Көпшілік көгілдір отынның қызығын көруде

0

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Т.Рысқұлов ауданына барды. Аймақ басшысы шаруа қожалықтарының басшыларымен, тұрғындармен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты.

Алдымен Бердібек Сапарбаев Қарақыстақ және Жаңатұрмыс ауылдық округтерін газдандыру жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстары өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүргізілуде. «СтройПроектКапитал» ЖШС мердігерлік ұйымының өкілдері нысанның жақын күндері толығымен тапсырылатындығына сендірді. Нәтижесінде көгілдір отынмен бес ауыл қамтамасыз етілмек. Олар – Каменка, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қазақ, Жаңатұрмыс ауылдары. Бұл ауылдарда барлығы 1287 үй, 20 бюджеттік мекеме бар.
Айта кетерлігі, қазірдің өзінде Каменка ауылындағы кейбір үйлер газға қосылып, көгілдір отынның игілігін көре бастаған.

Ал, аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың айтуынша, биыл аудандағы он ауылға газ тартылып, нәтижесінде қамтылу деңгейі 98 пайызға жетпек.

Сондай-ақ, аймақ басшысы тұрғындарға үй іргесіндегі жерлерді тиімді игеруге, сол арқылы көкөніспен өздерін қамтуға жол ашуға, жайылым жерлерді дұрыс пайдалануға шақырды.

Бұдан соң аймақ басшысы Шеңгер ауылындағы «SV Agro» ЖШС-не ат басын бұрды.

Серіктестік 2019 жылдан бері интенсивті бақ ашып, жүргізуде. Мұнда 150 гектар жерге алма көшеттері отырғызылған. Биыл жеті мың тонна алма жиналады деп күтілуде. Серіктестікте барлығы 45 адам жұмыс істейді десек, олардың дені жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ, 100 гектарға шие көшеттері егіліпті.

Жалпы бақты ылғалдандыру арнайы қазылған 4-5 құдықтан тартылған сумен жүзеге асады. Мұнда толығымен тамшылатып суару технологиялары енгізілген.

Өңір басшысы ЖШС жұмысына оң баға беріп, облыс аумағындағы мұндай бақтардың көлемі мен санын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу керектігін баса айтты.

Құлан ауылында Бердібек Сапарбаев көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Жұмысты мердігер «Амира Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Бүгінге дейін мұнда аулаларға асфальт төселіп, орындықтар орнатылып, балалар ойын алаңшалары, волейбол және баскетбол алаңдары салынып үлгерген.

Облыс әкімі Құмарық ауылында екі ірі «Бай Алғабас», «Мақсат» шаруашылықтарының жұмысымен танысып, басқа да шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.

Сондай-ақ, өңір басшысы Абай, Ақыртөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен жүздесіп, алдағы ауыл әкімдерін сайлауға белсене қатысуға шақырды.

slider

slider

slider

slider

Leave A Reply

Your email address will not be published.