ОТБАСЫНЫҢ ӨНЕГЕСІ – ОТАН ӨНЕГЕСІ

0

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта 2013 жылы Елбасы Жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған болатын. Еліміздегі үлгілі отбасыларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы бүгін Т.Рысқұлов ауданында да өз мәресіне жетті.

Салтанатты іс-шара санитарлық талаптарды сақтай отырып, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев және аудандық маслихат хатшысы Ербол Абуталиповтың қатысуымен өтті.

Биылғы ұлттық конкурсқа аудандық кезеңіне 7 ауылдық округтен 8 отбасы қатысып,  ұлттық конкурс талаптарына сай құжаттары мен еңбек нәтижелері, қоғамдық өмірдегі қол жеткен табыстары сарапқа салынып, оқ бойы озық шыққан 2 үлгілі жанұя облыстық кезеңге жолдама алды. Бұл отбасылардың ішінде жасы жүзге жақындаған, өткен ғасырдың сан түрлі соқпақтарынан өтіп, бүгінгі күнге аман-есен жеткен данагөй қарияларымыз да болды.

Байқау нәтижесі бойынша байқаудың Исаевтар отбасы жеңімпаз атанды.

Құлан ауылында тұратын Исаевтар жанұясы 2 ұл, 2 қыз дүниеге әкеліп, 2019 жылы «Отбасы үлгісіндегі балалар үйін» ашып, өмірінде қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығынан  кәмелетке толмаған 6 (3 ұл, 3 қыз) өзге ұлт өкілдерінің балаларын патронаттық тәрбиеге өз отбасына тәрбиеге алған.

Сондай-ақ, шаңырақ көтергеніне 60 жыл  толған, бүгінде 3 қыз, 2 ұл дүниеге әкеліп, олардан  19 немере,  16 шөбере өсіріп отырған Дәулетқұловтар жанұясы ІІ орынға лайық деп танылса, «дәрігерлер жанұясы» — Джакияевтар мен «ұстаздар жанұясы» — Мангутовтар жанұясы ІІІ орынға лайық танылды.


Айта кететіні, осыған дейін 2018 жылы ауданымыздан  Ниязқұловтар отбасы  «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық, республикалық турының жеңімпазы атанса, 2019 жылы Әлілер отбасы Облыстық турының жеңімпазы атанған болатын.

 

Отбасы институтын дамыту, отбасылық құндылықтарды арттыру, мерейлі де сыйлы, өнегелі отбасыларды насихаттау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының маңызы ерекше.

 

Себебі, отбасы – қай заманда болсын мықты мемлекеттің негізі болып есептеледі.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.