Сала дамуында серпін бар

0

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте мәдениет саласын дамыту мәселелері сараланды. Басқосуда мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай саладағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Бүгінгі таңда облыс аумағында 538 мәдениет, архив мекемелері жұмыс істейді. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Байзақ ауданының Бурыл, Жетібай, Көкбастау ауылдарында Мәдениет үйлері салынса, Меркі аудандық кітапханасы, Талас ауданындағы Қызыләуіт, Қараой ауылдық клубтар, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Байзақ ауданының мемлекеттік архиві жөндеуден өткен. Сондай-ақ, Жамбыл ауданының Қаракемер ауылдық клубы мен Жалпақтөбе ауылындағы Мәдениет үйі пайдалануға берілген.

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында алты мәдени нысанның құрылысы жоспарланған.

— Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Мойынқұм ауданындағы Жазылбек Қуанышбаев атындағы мұражайда жөндеу жұмыстары жүргізіледі, — деді Е.Жүнісбай.

Облыста 270-тен астам кітапхана бар. Қазіргі уақытта 139 ауылдық округте кітапханалар жанынан 204 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылған десек, ол жерден ауылдықтар электрондық үкімет қызметін пайдалана алады.

Ағымдағы жылы Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры 85 жылдық мерейтойын атап өтпек. Облыстық орыс драма театры Керчь қаласында өтетін «Боспор азабы» халықаралық фестивалінде бақт сынамақ. Жыл ішінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына және тағы да басқа мерейтойларға арналған іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде архивтік құжаттарды цифрлық форматқа көшіру жүзеге асуда.

Өңір басшысы рухани құндылықтарымызды жаңғыртуда өнер мен мәдениеттің айрықша маңыздылығына назар аудартты. Ол тиісті басқармасының басшысына аудандық әкімдіктермен бірлесіп мәдени іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы жас ұрпақты кітапханаларға тарту, ондағы кітаптардың шаң басып тұрмауы үшін оқырмандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

slider

slider

slider

slider

Leave A Reply

Your email address will not be published.