Сарысуда сүт өңдеу цехы ашылды

0

Баршамыз мәлім, біздің халық үшін сүттің орны бөлек. Қазақ қашаннан «Ақ мол болсын» деп, сүт өнімдерінің қадіріне ерекше мән берген. Елімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің 20 пайызы сүт өндірісінің үлесінде екендігі белгілі. Сүт өнімдерін пайдалану көлемі жыл сайын артып келе жатқандығын ескерсек, бұл көрсеткішті бұдан әрі көбейту қажеттілігі туындайтыны айқын. Алайда, мамандар дастарқанынан құрт-ірімшігі үзілмеген елде сүт индустриясының толық деңгейде ілгерілей алмай отырғандығына алаңдаушылық білдіруде.

Осы орайда бүгін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен «6 шілде – Елорда күні» мерекесі қарсаңында игі іс-шараның куәсі болдық. Ауданда халықтың күнделікті ас мәзірі етіп пайдаланатын сүт өнімдерін өңдейтін цех ашылып, онда аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев құттықтау сөз сөйлеп, аталмыш цехтың алдағы атқаратын жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев сарысулықтардың қуанышымен бөлісіп, бүгінгі күннің қуанышты сәттерінің куәсі болды.

Сарысу ауданында өндірілетін азық-түлік өнімдерінің 20 пайызы сүт өндірісінің үлесінде екендігі белгілі. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде, заман талабына сай технологиямен жабдықталған сүт өнімдерін өндіру цехі іске қосылды.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласында еңбегімен елеулі болып жүрген азаматтар аз емес. Осы игі істі абыроймен атқарған «Байтұр-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Фархат Шайымқұлов мемлекеттен 16,4 миллион теңге несие алған. Жалпы жоба құны 65 миллион теңге.
Сарысулықтар сүт өңдеу цехының ашылуынан аудан үшін тек игілік күтеді. Себебі, сүттің өзін ғана сатқаннан, оны өңдеп сату қай тарапқа да тиімді. Біріншіден, өнім түрі молаяды, екіншіден, халық сұранысын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта цехтың қуаттылығын арттырумен бірге, жұмыс орындарын да көптеп ашу жоспарланған. Бұл екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыс іздеп жүрген ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы жоба болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.