Жамбылда облыстық ақындар айтысы өтті

0

Биыл жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай ақын атын асқақтату мақсатында ғасыр жасаған тұлғаның есімін иемденген Жамбыл ауданы өңірдегі 20 ақынның басын қосып, дүбірлі дода өткізді. Аталған аудан әкімдігінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен Жалпақтөбе ауылдық мәдениет үйінде «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» атты облыстық ақындар айтысында жұрт он жұптың аузын бағып, кестелі сөз, орамды ой арқылы өздерін рухани байытуға мүмкіндік алды.

Облыстық ақындар айтысының ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов сөз алып, ақындарға сәттілік тіледі.

Ақындардың алғашқы жұбы ретінде сахнаға көтерілген Жамбыл ауданының шайыры Нұрлыбек Құрманов пен таластық Нұржан Манатбек тақырыпты да қамтып, бір-бірін қалжыңмен де қағыта білді.

Бұдан кейін жұрт Меркі ауданынан келген Мұқағали Балтабай мен жамбылдық Мұхтар Қонарбайдың, Шу өңірінің намысын қорғаған Әділет Медетқұл мен Жамбыл ауданынан шыққан Елібек Нұрмаханбеттің, байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен Рай Дөңбайдың, тараздық Төлеби Тәңірберген мен жамбылдық Ернұр Бейсеновтің, байзақтық Дидар Басығараев пен Қордай ауданынан келген, қырғыз ұлтының өкілі Талайбек Бұғыбаевтың, Талас ауданының атынан шыққан Есет Досалы мен Байзақ ауданының ақыны Дархан Әбдіманаттың, тараздық Медеу Мырзатай мен Жамбыл ауданының үкілеген үміті Шапағат Сәбитқызының, қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен мойынқұмдық Ғабит Есдәулетовтің, Т.Рысқұлов ауданының адуынды ақыны Асхат Қылышбек пен жуалылық Дидар Апбасовтың өнерін тамашалады.

Айтыс қорытындысы бойынша I орын Нұржан Манатбекке бұйырса, II орынды Рай Дөңбай, Күміскүл Сәрсенбаева, Дархан Әбдіманат өзара бөлісіп, әрқайсысы 300 мың теңгенің сертификатын иеленді. III орыннан көрінген Алтынкүл Қасымбекова, Ғабит Есдәулетов, Шапағат Сәбитқызы, Медеу Мырзатай сынды ақындардың әрқайсысына 75 мың теңгеден берілді. Ынталандыру сыйлығына ие болған қалған ақындарға 50 мың теңгеден үлестірілді.

Возможно, это изображение (6 человек, люди стоят и текст «казакстан ел бірлігін октаган SA·DE· ди 10M сертификат 500 000 тецге»)

Возможно, это изображение (3 человека и люди стоят)

Возможно, это изображение (2 человека и люди стоят)

Возможно, это изображение (2 человека и люди стоят)

Leave A Reply

Your email address will not be published.