200 мыңыншы тұрғын екпе алды

0

Жамбыл өңірінде короновирус індетімен күресті күшейту мақсатында халықты вакцинлау жұмыстары қарқынды жүруде. Осының аясында бүгін Жамбыл облысының 200 000-шы тұрғыны коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина қабылдады.

83 жастағы Орынша Елшібаева әлемді алаңдатып отырған коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаны өз балаларының барлығы салғызғанын айтады. Тек емізулі баласы бар келіні ғана қалған соң, бүгін қария өз еркімен тұрғылықты мекен-жайындағы емханаға келіп, екпе қабылдағысы келетінін айтыпты.

Облыстың 200 000-шы тұрғыны ретінде вакцина қабылдау мәртебесі бұйырғанына қуанған Орынша апа: «Барлық елге ауырғаннан-ауырмаудың алдын-алу үшін екпе салңызған жөн. Үйіңнен шыға алмай, қорқып отырғанша, сақтық шараларын қабылдап алып, еркін жүргенім жақсы»,-дейді.

7 баласы, 20 немересі, 13 шөбересі бар қария Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде елімізде болған барлық іс-шараларға белсене ат салысып келе жатқанын  айтты.

Жалпы, жаһанды жайлаған індетпен күрестің ең тиімді де дұрыс жолы – оған қарсы жаппай екпе салдыру, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Бұл – әлем мойындаған шешім, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шегелеп айтып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі алдында қыркүйек айына дейін еліміздің 10 миллион азаматын індетке қарсы вакциналау міндеті тұр.

Екпе салдыру алдында егілушілер терапевт дәрігердің бақылауынан өтеді. Міндетті түрде температурасы, қан қысымы, қандағы оттегі мөлшері өлшенеді. Дәрігер, сондай-ақ, екпе алушының медициналық картасын мұқият оқып, қарсы көрсетілімдер бар-жоғын анықтайды. Мұның бәрі екпенің сәтті де жанама әсерсіз өтуі үшін жасалатын дайындықшаралары. Ал екпе алу, алмау – әр азаматтың өз еркі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша Covid-19 пандемиясының таралуын тоқтату, сондай-ақ ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың жалпы санының 65-70 пайызына дейін екпе егілуі қажет. Бұл кеңесті қабыл алған жамбылдық азаматтар да маңызды науқанға белсене атсалысуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.