Туризм мә­де­ниетін дамыту – маңызды мін­дет

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ел ішіндегі экологиялық туризм мә­де­ниетін белсенді дамыту – маңызды мін­детіміз» – деп нақты айтқан болатын. Бұл ретте Жамбыл облысында нақты жұмыстар жүргізілуде. Маңызды құжаттан туындайтын міндетті орындау жайы Жуалы ауданындағы «Көксай» этнотуристік кешенінде өткен кездесуде сараланды.

Шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекеттік және туристік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Туризм басқармасының басшысы Жалғас Мұртаза өз баяндамасында пандемия кезінде туризм экономиканың ең көп зардап шеккен салаларының бірі болғанын атап өтті. Ол туристік бизнес өкілдерін аймақтағы туристік ахуалды жақсарту жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

— Облысымызда жыл сайын жаңа тарихи, мәдени және туристік орындар ашылуда. Мысалы, біз қазір тұрған  «Көксай» этно-туристік кешені солардың бірі. Осыған орай туристік маршруттарды жаңарту туралы шешім қабылданды, — деді ол.

Спикердің айтуынша, жақын арада облыстың негізгі туристік нысандары «Google maps», «Google earth» карталарына қосылмақ.

Жалғас Мұртаза өңірдегі тарихи-мәдени туризімнен бөлек, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға да ерекше көңіл бөлініп жатқандығын атап өтті. Аймақта осы бағытта жұмыс жасайтын бес орталық бар, олар – экология, жас туристер, жас натуралистер, екі туризм және өлкетану орталықтары.

— Бүгінгі таңда облыс орталығында жас туристер станциясын ашу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл мәселені шешуге тек туризм басқармасы ғана емес, басқа да мемлекеттік органдар, туристік бизнес өкілдері де атсалысуы керек,-деді Ж.Мұртаза.

Ол мектеп оқушылары үшін экскурсиялық сапарлар ұйымдастыруға негізделген ашық аспан астындағы арнайы сабақтар өткізу жобасын жүзеге асыруды ұсынды.

Кездесуге қатысушылар тақырыпқа қатысты орамды ойларымен бөлісіп, түрлі ұсыныстарын ортаға  салды. Бердібек Сапарбаев барлық ұсыныстарды қолдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

slider

slider

slider

slider

Leave A Reply

Your email address will not be published.