Жамбылда 88 азамат жетім балаларды тәлімгерлігіне алған

0

Таразда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен жасөсіпрімдердің құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде форум өтті. Басқосуға облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев, әлеуметтік сала басшылары және бейнеконференц-байланыс режимінде аудан әкімдері қатысты.

Қатысушылар жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмысы нашар отбасылармен, қиын балалармен жеке жұмыс жүргізу мәселелерін талқылады.

Облыста жетім балаларға арналған бес мекеме жұмыс істейді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдауға бағытталған «Мейірім» жобасы аясында 88 демеуші 133 тәрбиеленушінің тәлімгері атанды. Олардың шотына қазірдің өзінде 14 миллион теңгеден астам қаржы жиналған.

Барлығы 1129 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне тіркелген. Соңғы бес жыл ішінде 500 пәтердің кілті табысталса, жыл басынан бері 45 пәтердің кілті берілген.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелеріне де көңіл бөлінді. Оқушылар үшін жазғы сауықтыру науқаны да жан-жақты ұйымдастырылған. Атап айтсақ, балалар қала сыртындағы саяжайларға, киіз үйлерге, лагерьлерде демалып, танымдық және тәрбиелік іс-шараларға қатысатын болады.

Сондай-ақ, форумда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия хатшыларының мәртебесін арттыру, ювеналды инспекторлардың матералдық-техникалық жағдайын жақсарту, қолайсыз және аз қамтылған отбасылардағы балаларды тегін негізде бос уақытын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар мен «қолайсыз» отбасылардың медициналық-әлеуметтік есебін жүргізу бойынша арнайы деректер базасын құру ұсынылды.

— Мемлекет саясаты балаларымыздың ештеңеге мұқтаж болмауын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып келеді. Бекітілген кешенді жоспарға сәйкес балалар құқығын қорғаудың Жол картасы аясында нақты шаралар жүзеге асуда. Бұл бағытта жұмыстар ойдағыдай орындалуда, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі ата-аналар комитеттерінің жұмысын күшейтуді, мектеп басшыларының жауапкершілігін арттыруды, әлеуметтік сала ведомстволаының іс-әрекеттерін үйлестіруді, отбасылық тәрбиеге мәселелеріне айрықша көңіл бөлуді тапсырды.

Форум жұмысы облыс прокуратурасының Құқықтық мониторинг орталығында жалғасты. Қатысушы судьялар, полиция қызметкерлері, ғалымдар оқытушылар мен психологтар үшін арнайы дәрістер мен семинарлар өткізді.

slider

slider

slider

slider

Leave A Reply

Your email address will not be published.