Егістіктегі ораққа 28 комбайн, 33 техника қатысуда

0

Өңірімізде егістік алқабына дала кемелері аттанып, қойманы «алтын дәнге» толтыруға кірісті. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маман-агрономы Амангелді Әбдібековтың мәліметіне сүйенсек, биыл 18537 гектарға масақты дәнді дақылдар себілген. Оның 4562 гектарына күздік бидай, 13975 гектарына жаздық арпа егілген. Бүгінде 28 комбайн 3410 гектарға орақ салса, 33 тасымалдайтын техника қоймаға 2535 тонна өнімді жеткізді. Оның 404 тоннасы күздік бидайдың, 2131 тонна жаздық арпаның еншісінде. Әр гектардан орта есеппен 7,5 центнерден өнім алынуда. Аудан бойынша Жамбыл ауылдық округі, Жасөркен, Қаракемер ауылында еңбектің нағыз қызған шағы. Аптап ыстыққа қарамастан шаруалар төккен тердің ризығын жинап, қыс қамына кіріскен.


Дала еңбеккерлері тынымсыз тірліктің бел ортасында. Ауыл-аймақтағы қарбаласты көрмек ниетте Қаракемер ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әуелбаевпен бірге 26 гектарға арпа егіп, өнімін жинауға кіріскен Әбілсейіт Добаевтың егістік алқабына барғанбыз. Жол-жөнекей осы ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеахмет Аяпбергенов пен кеңес мүшесі Жеткербай Сандыбаевта ілесті. Шамасы өнімнің көрсеткішін көзбен көріп, нарықтық бағасын топшаламақшы. «Добай» шаруақожалы егістікке 2 комбайн жегіп, өнімін қоймаға жөнелтіп үлгеріпті. «Өнім көңіл қуантады дейді», дейді шаруақожалық төрағасы.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.