ПАРЛАМЕНТ СЕНАТОРЫ – ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА

0

Жамбыл облысында іссапармен жүрген ҚР Парламенті Сенатоның депутаты Абдалы Нұралиев сәрсенбі күні Жамбыл ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Алдымен сенатор 2019 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ел игілігіне берілген Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы балалар мен жасөспірімдер өнер мектебінің және бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының құрылысымен етене танысты. Үйірмелерді, пән кабинеттерді, спорт залдарды қарап, жаттықтырушылармен емен-жарқын әңгімелесіп, жұртшылық тарапынан сөз болып жүрген жер мәселесі бойынша да кеңінен түсіндіріп өтті.

– Ауыл-аймақтың жай-жапсарын қарап, өзгерістерге зер салып жүрміз. Осы ауданда туып-өскеннен кейін бір жусаны артық өссе бас қалада жүріп қуанып жүретініміз бар. Өткен жылдың өзінде қыруар тірліктер атқарылғаны көрініп-ақ тұр. Бәрі халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қолға алынып отыр. Жас буынның болашағы ұдайы назарда. Осы өнер, спорт орталықтарынан елімізге танымал спортшылар, танымал азаматтар түлеп шыға берсін, – деді Абдалы Тоқбергенұлы.

Сондай-ақ халық қалаулысы аудандық ветеринариялық стансасында болып, өңірдегі ахуалға назар аударып, ауылшаруашылығы саласындағы жаңалықтардан хабар алды.

Сенатордың ауданға сапары барысында онымен бірге аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов, аталмыш мекемелердің директорлары бірге жүрді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.