Қазнетте «вакцинадан кейінгі жаппай өлім» туралы видео тарап жатыр

0
Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар COVID-19-ға қарсы вакцина алғаннан кейін қайтыс болғандар туралы жаңалықтар сюжеттерінен үзінді, тақырыптардың скриншоттарынан тұратын бейнероликті бөлісіп жатыр. Бірақ көрермен видеодағы скриншоттардан өлімнің расталған себептерін көре алмайды, ал мамандардың пікірлері алып тасталған.

Видео былтыр 22 қазанда Рен ТВ телеарнасының эфирінде шыққан «Таңғы жаңалықтар» бағдарламасы шығарылымының үзіндісінен басталады. Кадрларда тележүргізуші AstraZeneca вакцинасының клиникалық сынақтарына қатысқан бразилиялық ерікті қайтыс болғанын хабарлайды. Сюжетте жас жігіттің өлім себебі анықталмағаны айтылады. Сондай-ақ оның вакцина әлде плацебо алғаны да белгісіз болған. Қазақстандықтар таратқан роликте бұл ақпарат жоқ. Сонымен қатар, Reuters басылымы өлімнің екпе жасатумен байланысы туралы мәліметтер жоқ екенін хабарлаған.

Содан кейін видеода Красноярск қаласында вакцина салдырып, үйіне бара жатып қайтыс болған ер адам туралы айтылады. Оның қайтыс болғаны жайлы ресми жаңалықтарда мұндай мәліметтер берілмейді. Полицияның хабарлауынша, өлімнің себебін медициналық сараптама анықтауы тиіс болған.

Одан әрі видеода «Челны ТВ» телеарнасының сюжетінен алынған үзінді ұсынылған. Онда Набережные Челны қаласының тұрғыны туралы айтылады. Сюжет әлеуметтік желілерде толық тарамаған: қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілі марқұмның созылмалы аурулары болғаны, сондай-ақ олардың асқынуы өлімге әкелгенін хабарлаған бөлігі жоқ. Бұл жағдай вакцина алумен байланысты емес.

Одан әрі роликте Ресей мен Қазақстанда вакцинацияланған адамдардың өлімі туралы тақырыптардан құралған слайд-шоу басталады. Шын мәнінде, олардың ешқайсы вакцина алумен байланысты емес. Видеода айтылған санктпетербургтік зейнеткер созылмалы ишемиялық жүрек ауруы салдарынан болған жүрек ұстамасынан жан тапсырған. Медициналық сарапшылар оның ағзасынан вакцинаға теріс реакция белгілерін таппады.

Видеода көрсетілген Карелия тұрғынының да өлімінің нақты себебі хабарланған жоқ. Алайда мамандар вакцина алғаннан кейін ер адамда суық тию нәтижесінде пневмония болғанын айтқан. Марқұмның өлімінің вакцинамен байланысы барына ешқандай дәлел жоқ.

Бұл туралы Ярославль облысының Денсаулық сақтау департаментінің директоры Василий Тубашов хабарлады.

«Мамандар науқастың өлімін вакцинациямен байланыстырмайды. Егжей-тегжейлі жан-жақты сараптама нәтижелері бойынша ғана қорытынды жасалады. Вирусологиялық зерттеулер жүргізілуде. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияны растайтын мәліметтер алынған жоқ. Айта кетейік, вакцина құрамына тірі патогендік вирустар кірмейді және ол аурудың дамуына себеп бола алмайды», — деп жазылды «РгоГород» басылымында.

Мәскеулік мектептердің бірінің мұғалімінің өлімінің де себебі вакцинаға қатысты емес. Мәскеу қаласының Денсаулық сақтау департаменті «Накануне.RU» басылымына хабарлағандай, науқас вакцинаның екінші компонентін алғаннан кейін сегіз күн өткен соң жедел трансмуральды миокард инфарктісі салдарынан көз жұмған, оның дамуының вакцинациямен ешқандай байланысы жоқ.

Бейнероликте қазақстандық баспасөзде кеңінен жарияланғанына қарамастан, Алматы тұрғынының қазасы туралы да айтылады. Мамандар өлімнің алдын ала себебі жедел жүрек-тамыр жеткіліксіздігі деп атады. Ер адамның өлімі мен вакцина салдырудың арасындағы байланыс расталған жоқ.

Бұдан кейін видеода екпе алған Волгоград тұрғынында ауыр тромбоздың дамуы туралы тақырыптар көрсетіледі. Шын мәнінде, вакцинация әйелдің жағдайына әсер етпеген. Мәтінде вакцинацияға дейін онда артериялық жүйенің созылмалы ауруы болғаны айтылған.

Одан әрі «КовиВак» препаратымен егілген ер адамның жүре алмай қалғаны туралы хабарлама ұсынылады. Алайда, видео авторлары көрерменге науқастың иммундық ауруы бар екені және дәрігерлер оған мүлдем егілмеуге кеңес бергені туралы толық ақпаратты көрсетпейді.

Сонымен қатар, көрермендер назарына Ресей мен Қазақстандағы өлім-жітім туралы ақпарат ұсынылады, бірақ олардың бірде-біреуінің вакцина алумен тікелей байланысы жоқ екендігі айтылмайды.

Содан кейін видео авторлары бір оқиғаға арналған үш түрлі тақырыпты үш мәрте көрсетеді: Алматы облысындағы перзентхана санитарының қайтыс болуына қатысты. Ол кезде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қыздың өлімі иммундаумен байланысты емес деп хабарланған болатын.

Бүгінде Қазақстанда КВИ-ға қарсы вакцинациямен тікелей байланысты бірде-бір өлім жағдайы тіркелмеген. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлімдеді.

«Демек, тарап жатқан видео манипулятивті және көрерменді қорқыту үшін әзірленген. Адамдардың өлімінің нақты себептері туралы айтылмайды, ал кейбір тақырыптар өлім-жітімнің көптігін көрсету үшін әртүрлі вариацияларда қайта ұсынылған. Роликті жасау кезінде пайдаланылған жаңалықтар телесюжеттерінен алынған үзінділер контекстен үзіп алынған», — деді Stopfake.kz өкілдері.

kaz.tengrinews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.