«Өгей екенімді білдім»: 24 жастағы қазақстандық жігіт туған анасын іздеп жүр

0

24 жастағы Арман есімді қазақстандық азамат өзінің туған анасын іздеп тапқысы келеді. Жуырда жас жігіт өзінің асыранды бала екенін білген. Ол шындықтың жүрегіне қатты тигенін, өмірінің түбегейлі өзгергенін айтады. Осы уақытқа дейін бағып-қағып келген ата-анасына еш өкпесі жоқ. Дегенмен жарық дүниені сыйлаған жанның көзіне тура қарағысы келеді

Арман бала кезінен ата-анасына ерке болып өскенін жасырмайды. Ата-анасының ұрысып немесе қол көтергені есінде жоқ. Балалық шағым қуанышты сәттерге толы болды деген ол қатарластарынан кем өспегенін жеткізді. Қатты сырқаттанып қалғанда да ата-анасы қасынан бір елі алыстамаған.

«Балалық шағым бақытты өтті деп айта аламын. Анам үнемі жанымда уайымдап жүретін. Көп ауыратын бала болдым, жылына кем дегенде екі рет ауруханаға жататынмын. Сондай кезде анам да, әкем де шыр-пыр болып жүретін еді. Ата-анам — жүректері үлкен, жомарт, қолдары ашық жандар. Мен үшін олар мәңгі жақын адамдарым болып қалады», — дейді жас жігіт.

Арман үйдің үлкені, өзінен кейін бір інісі мен қарындасы бар. Қолынан келгенше бауырларына қамқорлық танытып жүреді. Мектеп бітіргеннен кейін, Алматыға арман қуып кеткен. Жақсы білім алуға тырысып, ата-анасының үмітін ақтауды мақсат еткен. Ата-анасы да ұдайы көмек беріп, қолдап жүрген. Ащы шындықтың беті былтырғы жылы ашылған екен.

«Оқу бітіріп, үйге оралған кезім. Анам екеуміз үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан болатынбыз. Бұрын кез келген үйде фотоальбом болған ғой. Қазір ғой суреттерді телефонның немесе компьютердің жадына сақтайтынымыз, Фотоальбомды парақтап отырған болатынмын. Қарап отырсам, ата-анамның інім мен қарындасымды перзентханадан алып шыққан кездегі суреттері бар. Ал менің шақалақ кездегі суреттерім мүлдем жоқ. Осы уақытқа дейін бұл жағдайға мүлдем мән бермеппін. Анамнан себебін сұрғанымда, ол кісі қатты сасқалақтап қалды. Екеуміздің әңгімемізді әжеміз тыңдап отырған болатын. Жасы 80-нен асқан әжем шындықтың бетін ашты», — дейді Арман.

Әжесі Арманның асыранды бала екенін айтқан. Жас жігіттің ата-анасы көп жыл бала сүйе алмаған. Үміттері таусылғаннан кейін, балалар үйінен нәресте асырап аламыз деп шешкен. Бастапқыда жаңа туылған шақалақты алғылары келсе де, соңында жасы екіден асқан Арманға таңдау түскен. Сол уақыттан бастап бүлдіршін анасының көз қарашығына айналған.

«Әжем менің о бастан шындықты білгенімді қалаған екен. Бастапқыда біраз есеңгіреп қалғаным рас. Өмірім қатты өзгеріп кетті. Болашаққа деген жоспарым күл-талқан болды. Бірақ ата-анама мүлдем ренжіген жоқпын. Ол кісілер маған жақсы өмір сыйлады. Мені асырап алғаннан кейін, Алла оларға сый ретінде бір ұл мен қызды тарту еткен. Маған деген мейірімдерінің ақысы ғой. Анам мен үшін қатты уайымдап қалды. Тіпті үйден шығарғысы келмейтін болды. Алайда мен ақымақтыққа баратын адам емеспін. Шындықты қабылдағаннан басқа амалым болмады. Асыранды бала болсам да, мен ешқашан жетімдікті сезінген емес едім», — деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Қазір Арман жарық дүниені сыйлаған анасын іздеп жүр. Бар білетіні, өзін 17 жастағы қыздың босанып, перзентханаға тастап кеткені. Кейін екі жылдан астам уақыт балалар үйінде тәрбиеленген. Мұрағатқа хабарласып, тиісті құжаттарды көтергенімен қосымша ақпарат таба алмапты. Жас жігіт өзінің анасы қандай адам екенін білгісі келеді. Бейкүнә шақалақты не себепті тастап кеткенін сұрауды мақсат етеді.

«Қазіргі ата-анам туған шешемді іздегеніме қарсылық білдіріп отыр. Бірақ мен өткен өмірімді реттеп алғым келеді. Бұл жағдайдың не себепті болғанын білу — мақсатым. Әкем кім, руым қандай? Осы сауалдарға жауап тапсам деймін. Әрине, туған анамды кешіруім екіталай. Бірақ мен ол кісінің көзіне тік қарағым келеді. Еш қиналмай тастап кеткен баласының қандай болғанын көргені дұрыс», — деп топшылайды Арман.

Жас жігіт келесі жылы үйленіп, отбасын құруды жоспарлап отыр. Шындықты білгенімен, ата-анасы мен бауырларына көзқарасы өзгерген жоқ. Ақиқатты ашқан әжесіне алғыс білдіреді.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.