«Армия-2021»: Көрмеге қанша қаржы жұмсайтынын министр НЕГЕ жасырды?

0

Биыл 22-28 тамыз аралығында Ресейде «Армия-2021» әскери форумы өтеді. Бұған Қазақстан да қатысады. Ашық ақпарат көздеріндегі кейбір дерекке қарағанда, форумға қатысу үшін бюджеттен 190 млн теңге бөлінген.

Бұл қаржы 200 шаршы метрлік экспо-орынды жалға алуға, 200 адамды тамақтандыруға (бірінші және екінші ас, түрлі тәттілер, т.б.), сондай-ақ басқа да көрмеге қажетті керек-жараққа жұмсалмақ көрінеді.

Форумға қатысу үшін бюджеттен нақты қанша қаржы бөлінді? Қанша адам (жауынгер) қатысады? Бұл форум бізге не береді? Немізді көрсетіп мақтанамыз?

Осы және тағы да басқа сауалдарымызды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың және ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың атына жолдағанбыз.

Фото: rusarmyexpo.ru

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі едел-жедел жауап берді. Жауап төмендегідей:

«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі «Армия-2021» көрмесіне қатыспайды. Аталған сұрақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қатысты. Сонымен қатар, шараға қару-жарақ пен әскери техниканың халықаралық нарығын зерделеу үшін ҚР Қорғаныс министрлігінің атынан өкіл жіберіледі. АрХО (армия халықаралық ойындары) мен Армия-2021 форумы екеуі бір уақыт аралығында өтетін екі түрлі шара. Армия халықаралық ойындарында Қазақстан 11 конкурсқа қатысады».

Естеріңізге салайық, «АрХО-2021» (Армия халықаралық ойындары) биыл 22 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтеді. «Армия-2021» форумы мен «АрХО-2021» бір уақыт аралығында өтетін екі түрлі шара екені белгілі. Алайда, «Армия-2021» форумы аясында халықаралық әскери ойындар басталатынын РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың өзі айтқан.

Қош, енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауабына келейік. Вице-министр А.Ержанов бүй дейді:

«Қазақстан Республикасының «Армия-2021» халықаралық әскери-техникалық форумына экспонент ретінде қатысуы «Қазарнаулыэкспорт» РМК және қорғаныс өнеркәсібінің басқа да кәсіпорындарының кірістері есебінен төленеді.

Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының өнімі – зымыран-артиллериялық қару-жарақ, бронетанктік техника және оқ-дәрілер, авиациялық техника және радиоэлектроника (өнім каталогын қоса береміз).

Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен қатысушылардың саны қалыптасуда.

Министрдің қатысуы іс-шара басталғанға дейін 10 күн бұрын ел басшылығымен келісілетін болады.

Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери ойындарға қатысу бағытындағы жұмысты ұйымдастыруда».

«Армия-2021» форумына қатысу үшін нақты қанша қаржы бөлінгені туралы сұраққа нақты жауап алмадық. Көрме атаулының бәріне жауапты министр Бейбіт Атамқұловтың көрмеге қатысу-қатыспауы белгісіз. Көрмеге қанша адам баратыны да әлі нақтыланбаған.

Бізге ең қызығы «Көрмеде немізді көрсетеміз?» деген сұрақтың жауабы болды. Вице-министрдің айтуынша, өзіміздің өнім «зымыран-артиллериялық қару-жарақ, бронетанктік техника және оқ-дәрілер, авиациялық техника және радиоэлектроника» көрсетеді екенбіз.

Министрлік «өнім каталогын қоса береміз» дегенімен, ешқандай да каталог келмеді. Қандай артиллериялық қару-жарақ өндіретінімізді біліп жүру бізге де керек еді. Бәлкім, «артиллерист» Бейбіт Бәкірұлы айнып қалған болар?..

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.