ПРЕЗИДЕНТТІҢ тегеуріні, ЕЛБАСЫНЫҢ емеуріні және ОЛИГАРХИЯ

0

Жуырда президент Тоқаев мықты мінез танытты.

Жо-жоқ, ол кейбір популистер секілді ел алдына шығып, жер тепкілеп, «бәрін қырып-жоям» деп, бос ұраншылдыққа салынған жоқ. Немесе билік іші мен сыртындағы өз қарсыластарына ашықтан-ашық қарсы шығып, «халқым, мен сенің сойылыңды соғып жатырмын, соңымнан еріңдер» деп атойлаған жоқ. Ондай мінез оған жараспайды да.

Ол президенттік карьерасында тұңғыш рет квазимемлекеттік сектор мен газ саласына шүйлікті, бұрын-соңды айтылмаған сын айтты. Осы салалар үнді еліндегі «киелі сиырлар» секілді жария сынға ілікпей келгенін бәріміз білеміз. Өйткені осы компанияларды басты акционерлері мен бенефициарлары мемлекет және елбасы мен оның отбасы мүшелері екені бесенеден белгілі емес пе? Оларға қатысты балама пікір білдірудің өзі саясат, тіпті оппозициялық ұстаным боп кетеді.

Президенттігінің екінші жылының аяғында Тоқаев бір нәрсені түсінді-ау деймін: елге ие болу – формальды түрде Ақордадағы №1 кабинетте қонжиып отыру емес, ол дегеніңіз – ел экономикасының тағдырын шешетін басты нысандарға, басты қаржы бағыттар мен ағындарын бақылап, оларға  ықпал ету!

Керек десеңіз, Тоқаев жиі айтатын саяси реформаның тағдырына әртүрлі (заңды және заңсыз) әдіс-құралдары арқылы әсер ететін дәл осы, Қазақстан экономикасы мен қаржы жүйесін меншіктеп алған ат төбеліндей ғана топ! Авторитарлық жүйенің заңдылығы сондай!

Фото: akorda.kz

Бір нәрсе анық – әккі дипломат, өте сақ әрі жеті өлшеп, бір кесіп үйренген Тоқаев бұл қадамдарға, сөзсіз, Назарбаевтың келісімімен барған болуы әбден мүмкін. Тоқаев оған арамдық жасамайды, оның сыртынан өз ойынын жүргізбейді.

Яғни, екі жылдың ішінде ол өзіне протекция жасаған елбасына өз сөзін өткізе бастады деген сөз.

Бұл саяси тарихымыздағы жаңа үрдістің таза қазақстандық (византиялық десе де болады), Тоқаев үшін өте қауіпті салдары болуы әбден ықтимал.

Яғни, Тоқаевтың Назарбаевпен шын мәнінде саяси мүдде тұрғысынан жақындаса түсуі елбасы маңайындағы, өздерінің қара басының жағдайын күйттеп жүрген өте-мөте ықпалды топтардың қарсылығын туғызары хақ.

Бұл дегеніңіз, енді Тоқаевтың жеке басына, оның атқарып жатқан қызметіне, жоспарларына деген сын үдей түседі деген сөз! Ол шонжарлардың қолында небір мықты масс-медиа, қауқарлы қоғамдық ұйымдар, тұтас салалар мен аймақтар, әлеуметтік жүйедегі жалдамалы блогерлер, басқа да адами және түрлі ресурстары бар.

Тіпті демократия жалауын желбіретіп, оппозициялық ұрандарды айқайлап жария етіп жүрген жеке тұлғалар да жоқ емес. Керек десеңіз, олар ертең шешуші сәтте трайбалисттік тетіктерді де іске қосып жіберуден тайсалмайды, Енді осы күштердің бәрі Тоқаевқа қарсы жұмылып, кешегі бір-бірін көре алмайтын кландар достасып, жаңа коалиция құруы да ықтимал.

Антитоқаевшыл науқан басталса, біз, азаматтық қоғам өкілдері, баррикаданың қай жағында болуымыз керек? «Биліктегінің бәрі оңбаған» деп, Тоқаевты биліктен аластату науқанына араласып кетеміз бе? Әлде «Президенттікке келер алдында біршама оң бастамалар көтеріп еді, солар халықтың көңілінен шығып жатыр» деп бағалап, басқаша көзқарас ұстанамыз ба? Олай десек, тағы да «мыналар сатқын, билікті жақтап кетті» деген дау-дамайдың астында қалмаймыз ба?

Меніңше, Тоқаев халық мүддесі тұрғысынан оң пікір айтса, қолдап, алайда тым бюрократияшыл не олигархшыл болса, ашық сынау – еркін ойлы әр азаматтың қақы һәм парызы.

Осынау саяси өліара шақта Тоқаевтың өзі де елдегі наразы күштерге қатысты позициясын анықтап алуы тиіс. Мәселен, өзі құрған Ұлттықмсенім кеңесі құрамында НЕГЕ «жүйеден тыс» деп ен тағылған демократиялық күштер өкілдері жоқ? «Парламентке НЕГЕ оппозициялық партиялар енгізілмеді?» деген сауалды қоймай-ақ қояйын: ол науқан «Кітапхананың» бақылауымен жүзеге асырылды деген пікірге мен қосыламын.

Оның үстіне көзді ашып-жұмғанша келесі президенттік сайлау да тақап қалады. Ол науқанға, ол тарихи таңдауға елбасы да, олигархиялық топтар да осы бастан әзірленіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Өзінен кейін өзі құрған жүйенің сақталып қалуына ол да, олар да мүдделі екені анық.

Ойланайық!

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.