«Өкпені тез қабындырады». Үнді штамының қаупі туралы сұрақтарға отандық дәрігер жауап берді

0

«Үнді» штамы деген атпен әлемді кезіп жүрген коронавирустың қауіпті түрі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына да жетті. Бұл екі қалада жағдай ушығып кетпес үшін карантиндік шектеу шаралары қайтадан енгізіледі деген болжамдар айтылып жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, «дельта» штамы алғаш рет 2020 жылы қазан айының басында Үндістанның Нагпур қаласында анықталды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, SARS-CoV-2 штамы әлемнің 174 еліне таралып отыр. Оның ішіне Қазақстан да кірді.

«Дельта» деп атау берілген бұл вирустан қалай сақтану керек? Оның осы күнге дейін белгілі түрлерінен қандай айырмашылықтары бар? Медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер Қайырғали Конеев жаңадан келген инфекциялық аурудың ерекшеліктері туралы айтып берді.

Фотода Қайырғали Конеев

— Қайырғали мырза, бұған дейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі «үнді» штамының болу ықтималдылығын анықтаған еді. Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған науқастардан алынған зертханалық үлгілерге қарағанда «дельта» штамын жұқтырған науқас бар екені белгілі болды. Коронавирустың бұл мутацияланған түрі неге қауіпті саналады? 

— Үнді  штамы емдеуге тез көнбейді және ауырған адамға келтіретін зардабы да көп. Клиникалық белгілері тез дамып, оның салдары да ауыр болады. Сондықтан ол қауіпті саналады.

— Коронавирустың осы күнге дейінгі түрлеріне қарағанда бұл штамның сыртқы белгілері қандай? Адам вирустың нақты осы түрін жұқтырып алғанын қалай біледі? 

— Әрине оның нақты «үнді» штамы екенін зертханалық тексерулерсіз білу мүмкін емес. Тұмау белгілері бар адамдардың арасында дене қызуы қатты байқалса, тіпті 40 градусқа дейін көтеріліп кетсе, тез қаралу керек. Әлбетте өкпенің қабынуы, интоксикация белгілері болады. КВИ-дің барлық белгілері бар, бірақ ол тез-тез қабынады деген сипаттамасы адамдарды шошытып отыр.

— Әлемді шарлап келе жатқан бұл штамм ,әсіресе, адамның есту қабілетіне кері әсер етеді деген ақпараттар айтылады. Сол рас па? 

— Қазір жаз уақытында адамдарда диарея белгілері онсыз да көбейіп, жеміс-жидекті дұрыс тұтынбағаны үшін ауырып қалады. Бірақ «үнді» штамының біл белгісі- іштің өтуі. Ал есту қабілетінен айрылу жағдайы коронавирустың былтыр келген түрінде де кездескен. Әсіресе осы вирусты жұқтырып, жазылып шыққан егде адамдар арасында бұл жағдай жиілегенін байқадық. Ал жаңа штамның есту жүйесіне кері әсер ететіні рас. Бұл әлемдік тәжірибеде осы инфекция түріне шалдыққандар арасында кездесіп жатыр. Тіпті ол жастар арасында да жиілеген.

— «Дельта» штамы түрлі қышыма, теміреткі сияқты аурулардың қозуына әкеледі деген қаншалықты рас? 

— Иә, әлемдік БАҚ беттеріндегі мамандардың айтқандарына қарасақ, «үнді» штамы қауіпті тері ауруларының асқынуына алып келеді. Мысалы Үндістанда тазалық деңгейі қандай екені белгілі. Халық саны көп, жеке гигиеналық талаптардың сақталмауы мұнда қышыма және түрлі жұқпалы тері ауруларының қозуына түрткі болады. Ал оған коронавирус қосылғанда бұл елде ауру жұқтырғандар қатты зардап шеккен деп айтылып жатыр. Сондықтан оның созылмалы тері ауруларына соқтыруы мүмкін дегені осыдан болса керек. Десе де ауру белгілерінің ішінде өзге белгілерден бөлек осындай тері ауруларының прогрессивті түрі байқалса, дәрігерге  қаралған жөн.

— Бұл ауруды жұқтырмауға вакцинаның көмегі тие ме? 

— Әрине, антитела қалыптасқан, бұрын ауырған науқастарға үнді штамы әсер етпейді деу қате түсінік. Егер вакцина алмаса, бұл аурудың қабыну процесі қатты жүріп, адам өміріне қауіп төнуі мүмкін. Вирустан сақтанудығ ең тиімді жолы — екпе алу екенін бәріміз біліп отырмыз, әлемдік медицина қауымдасығы да осыны ұсынады. Вакцина салдырған адам «үнді» штамы жұққан күннің өзінде жеңіл ауыратынын дәрігер ретінде жауапкершілікпен айта аламын. Сондықтан вакцинаның көмегі әлбетте тиеді. Иммунизация процесін тоқтатпау керек.

— Қазақстанда карантиндік шаралар күшеюі мүмкін бе? Алдағы уақытта коронавирустың өршу қаупі бар ма? 

— Қазақстанда коронавирустың тағы да бір легі болатыны сөзсіз. Бұл бұрыннан бар болжам. Оны ешкім жоққа шығармайды. Тағы да қайталап айтамын, адамдардың иммундық жүйесін күшейтіп, вакцина алу процестерін жеделдету керек. Мемлекет онсыз да халық арасында түрлі стимул беретін және белсенді шараларды жасап жатыр. Қазір жағдай былтырғы жаздағыдай бақылаудан шығып кетпейтіні түсінікті. Десе де әрбір адам біз үшн құнды. Оның денсаулығын сақтау үшін ПТР-тест алу жүйесі жолға қойылды, дәрігерлердің де тәжріибесі артты. «Үнді» штамы қауіпті.  Егер оның жоғарыда айтқан белгілері байқалса, үйде отыра беруге болмайды. Әсіресе, өте жоғары дене қызуын байқасаңыз, дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.