Қызметім қиындық пен қызыққа толы — криминалист

0

Солтүстік Қазақстан Полиция департаментінде қызмет етіп жүрген жас маман Бахтияр Шерияздановпен сұхбат

Кез келген қылмысты тергеу жұмыстарын криминалист көмегінсіз елестету қиын. Жедел топ құрамына енетін мамандар оқиға орнын зерттеп, қылмыс іздерін анықтайды. Заттай айғақтарды жинастырып, істің тез ашылуына барынша күш салады. Криминалистердің қиын да қызық қызметі жайында Azattyq Rýhy тілшісіне Солтүстік Қазақстан Полиция департаментінде қызмет етіп жүрген жас маман Бахтияр Шериязданов айтып берген еді.

Жас криминалистің жұмысы қандай? «Қызықты», —  деді кідірместен полиция аға лейтенанты Бахтияр Шерязданов. Тәуелсіздік құрдасы үш жыл бұрын полицияның осы жұмыс желісін таңдаған және өз таңдауына ешқашан өкінбеген.

Бұған дейін ол жүргізуші-полицей болған, жедел-тергеу тобын оқиға орындарына апарып жүрген кезде қызметкерлердің жұмысын бақылайды. Жедел-тергеу тобының құрамында жедел уәкіл, тергеуші және криминалист жұмыс істейді. Криминалистің тынымсыз жұмысы Бахтиярды ерекше қызықтырды. 2018 жылы ол Петропавл қалалық Полиция басқармасына жедел-криминалистикалық бөліміне қызметке орналасады.

«Жұмыс барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Қылмыскердің қаншама із қалдырғанын бір қарап анықтау мүмкін емес. Саусақ іздері туралы барлығы біледі. Ал заң бұзу құралының статикалық және динамикалық іздерді қалдыратыны мен үшін жаңалық болды. Бұрын аяқ киім іздерінің сан алуан ерекшеліктері, биологиялық материалды алуға қолданылатын түрлі тәсілдер туралы, тағы басқа жайттарды білмеген едім. Бұның барлығы мен үшін жаңалық болды. Криминалиске әрқашан көп ізденіс керек. Жаңа жұмысымдағы жаңашылдықтармен қызыға таныстым. Білмегендерімді әріптестерімнен сұрап, білгеніммен бөлісіп, үнемі кәсіби шеберлігімді толықтыру жолында ерінбей еңбектенемін. Өйткені біздің жұмысымыз өте жауапты. Кейде оның басқа адамның өміріне әсер ететін кездері де болады», — дейді жас маман.

Бахтияр Шеряздановтың алғашқы ұстазы криминалистика саласында ширек ғасыр жұмыс істеген ең тәжірибелі мамандардың бірі полиция подполковнигі Игорь Чусовитин болған. Қазір ол зейнет демалысында. Бұрын қызметте өз ісінің хас шебері болған маман талай жастың тәрбиесіне атсалысты.

Бахтияр кейін практикалық білімін ЖКБ бастығы полиция майоры Тимур Әбділмановтан толықтырады. Маманның айтуынша, жас қызметкерлермен тәжірибе бөлісу – жұмыстағы қағидалардың бірі болып табылады. Білімдерімен бөлісуге дайын аға буын өкілдері үнемі қасында. Жедел-тергеу тобы құрамында атқарған кезекшіліктен кейін криминалистер СҚО ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы полиция полковнигі Игорь Семеновке есеп береді. Атқарылған жұмысты талдаудан кейін практикалық кеңестер беріледі, бұл ұсыныстар келесі кезекшілікте міндетті түрде пайдаланылады.

Әзірге Бахтияр тек суық қаруды зерттей алады. Оның үстеліне келіп түсетін пышақтардың ішінде асүйде қолданылатын пышақтар жиі кездесіп жатады. Бұндай жағдайда қорытындыда: «зауытта жасалған, шаруашылық-тұрмыстық мақсатта пайдаланылады, суық қару емес» деп жазылады. Аталған пышақтар бірлесе ішімдік ішу, жанжал, дене жарақаттарын келтіру нәтижесінде қылмыс құралына айналған.

Бахтияр бұдан басқа зерттеулерді Тимур Әбділмановтың басшылығымен орындайды және жаңа зерттеулерге рұқсат алу үшін емтихан тапсыруға дайын.

«Қылмыс орнында барынша дәлелдер жинау қажет, сондықтан іс жүзінде барлық зерттеулермен танысуға тура келеді. Аға буынның тағы бір маңызды кеңесі – қылмыскер сияқты ойлануға тырыс. Мәселен, мынадай бір жағдай болған: ұры жер үйге терезені бұзып  кірген. Оқиға орнын қараған кезде мен жарылған әйнектің ірі сынықтары жерде шашылып жатпай жинастырылып қойғанын байқадым. «Яғни қылмыскер барынша шуламай әрекет етуге тырысқан, терезеде қалып қойған әйнек сынықтарын ақырын алып, жерге қойған екен», — деп ойладым мен. Шынымен  де терезенің сынықтарында «Папилон» автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйесі арқылы нақты бір адамның қылмысқа қатысын анықтауға жетерлік көптеген саусақ іздері анықталды», — дейді қызметтегі ерекше сәттер жайындағы естеліктерімен бөліскен ол.

Криминалистердің жұмыс нәтижелері әдетте тергеуде және сотта маңызды, кейде күдіктілерді анықтауға да септігін тигізеді екен. Бахтияр бұндай жағдайларда ерекше қуанады, себебі бұл ұйқысыз өткен кезекшіліктердің, оқиға орындарына шығу, зертханалардағы тынымсыз еңбектің жемісі деп біледі.

«Жұмыс шынымен де қиын. Қызығушылық болмаса, істей алмайсың. Жаңадан бір нәрсе білген сайын қызыға түсемін. Мен еліміз өзіне жаңа бір әлемді ашқан кезеңде, тәуелсіз атанған жылы дүниеге келдім. Мен үшін криминалистика да тұтас бір әлемге айналды. Криминалистика туралы білген сайын, қызығушылығым артады. Мен өзімнің кәсіп таңдаудан жаңылмағаныма қуаныштымын», —  дейді ол.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Leave A Reply

Your email address will not be published.