Екібастұзда қыз зорлады деген күдікпен полиция қызметкері ұсталды

0

Есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен ұсталған бойжеткен полиция қызметкері тарапынан зорлық көрген

Екібастұзда «зорлау» ісі бойынша жоғары лауазымды полицей тергеуге алынды

Есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен Екібастұз қаласының тұрғыны – 22 жасар қыз өзін полиция қызметкері зорлағанын мәлімдеді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Павлодар облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы (ПД) ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы (зорлау) және 362-бабы (лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», — деді Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Біләлова.

22 жастағы бойжеткеннің майор тарапынан зорлыққа ұшырағаны туралы құқық қорғаушы Елена Семенова айтып берді. Бұл оқиғаға қатысты деректерді ол Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Бойжеткен есірткі қылмысы үшін қыз 17 ақпанда ұсталған. Жеке заттары мен пәтерін тінтігеннен кейін оны полиция қызметкерлері бөлімшеге апарып, 18 ақпанда таңғы сағат төртке дейін тергеген.

Семенованың айтуынша, таңғы төртке дейін қыз көлікте отырған. Содан кейін оны полиция басқармасына қайтарып, жарты сағаттан кейін пәтерге жеткізген.

«Белгісіз пәтерге кірген бойжеткен Павлодар облысы полиция департаментінің майорын қара түсті майка және ішкиімімен жартылай жалаңаш күйде көрген. Қызметкерлердің бірі қызды бөлмеге кіргізіп, диванды көрсетіп, төсекке жатуды бұйырған. Пәтерге бұрын келген басқа полиция қызметкері төсектің жанында ұйықтап жатқан. Ал ішкиіммен жүрген майор қашып кетпес үшін онымен бірге таңға дейін төсекте жатқан», — деп жазады Семенова.

Оның айтуынша, қыз полиция қызметкеріне қарсылық көрсеткенімен, майор қызметтік лауазымын пайдаланып, қорқытқан. Есірткі қылмысы бойынша күдікке ілінген қыздың ісі жаңалықтардан көрсетілетінін, оның отбасы бүкіл елге масқара болып, анасы жұмыстан босатылатынын айтқан.

«Зорлағаннан кейін полиция майоры жәбір көруші қыздың қасында ұйықтаған. Ал таң атқан соң, қыз полиция басқармасына жеткізілген. Асханаға алып барып, оны тамақтандырған. Қызды зорлаған полиция майоры «бәрі жақсы ма» деп сұрап, өзі жәбір көрсеткен қызды түскі сағат бірде үйіне жеткізіп тастаған», — деп жазды Семенова.

Айта кетерлігі, қыздың берген деректері бойынша, майордан басқа, пәтерде тағы үш полиция қызметкері болған. Олардың ешқайсысы зорлыққа қарсы шара қолданбаған және зорлаудың алдын алмаған.

Семенованың айтуынша, 19 ақпанда зардап шегуші полицияға зорлау және жалдамалы пәтерде заңсыз ұсталғаны туралы хабарлап, арыз жазған. Арада он күн өткен соң, қыз қайтадан ұсталып, Павлодардың тергеу изоляторына жабылған. Жәбірленуші есірткіні заңсыз сақтағаны және сатқаны үшін айыпталған.

azattyq-ruhy.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.