Ақ халатты абзал жандар марапатталды

0

Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні екені белгілі. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дəрігерлерді əрдайым дəріптеуіміз керек.

Оның үстіне зəре құтымызды қашырып отырған дəл бүгінгі зауал шақта халқымыз медицина мамандарының көмегіне одан сайын зəру болып отыр. Қызметіне адал, елге жанашыр дəрігерлер осынау сын сағатта уақытпен санаспай, еңбегін бұлдамай жаһанды жайлаған індетпен күресте аянбай тер төгіп жүр. Оларға жүктелген міндеттің, артылған жауапкершіліктің салмағы өте ауыр. Соның үдесінен абыроймен шығып келе жатқан жандарды қалай құрметтесек те, қандай мадақ айтсақ та жарасады. Олар соған сөзсіз лайықты.

Дүйсенбі күні Жамбыл аудандық орталық емханасының акт залында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құрметіне өткен салтанатты жиынға аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов, аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев арнайы келіп қатысты. Басшылар ақ халатты абзал жандарға жылы лебіздерін білдіріп, бірқатарын марапаттады. Райымбек Сияқұлұлы аудандық орталық емхананың жанұялық дәрігері Мөлдір Сейітқасымоваға аудандық мәслихаттың Алғыс хатын, фтизиатр дәрігер Айнаш Ермекбаеваға, Айшабибі дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі мейірбикесі Бикен Аманғалиқызына Жамбыл ауданының Құрмет грамотасын табыс етсе, Олжас Елебекұлы аудандық орталық емхананың оториноларинголог дәрігері Дінахмет Өтемғалиевқа, аудандық орталық ауруханадағы балалар бөлімінің меңгерушісі Асылбек Түленовке, жалпы тәжірибелі дәрігер Қанат Құрмановқа, Жамбыл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Жұлдыз Момбековаға, «Ұлттық сараптама орталығы» Жамбыл аудандық бөлімшесінің дезинструктор маманы Нұрғали Бибазаровқа аудан әкімінің Алғыс хатын, аудандық орталық ауруханадағы ота бөлімінің меңгерушісі Жетпісбай Айхожаевқа, терапия бөлімінің аға мейірбикесі Айсұлу Рсалиеваға, «Ұлттық сараптама орталығы» Жамбыл аудандық бөлімшесінің радиолог маманы Гүлжамал Сейітқасымоваға, Гродеково дәрігерлік амбулаториясының аға акушері Майра Ізбасароваға аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.
Соңынан сөз сөйлеген аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Сауруков медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, марапат ұсынған басшыларға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Адамзаттың амандығына, жұмыр жердің тұтастығына орасан қауіп төндіріп тұрған індетті дəрігерлердің күшімен жеңе аламыз. Медицина саласының мамандары қандай мəртебеге, марапатқа болсын əбден лайық. Соған сəйкес құрмет көрсету – əрбіріміздің азаматтық борышымыз.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.