Алматы облысында жеті баланың әкесі: Құда балам полицейлермен қорқытып 1 миллион теңгеді алып кетті

0
Алматы облысы, Нұра ауылының іргесінде мал бағатын жеті баланың әкесі шағымын айтты. Кенжесі аттан құлап, көзін зақымдап алған. Сол баласының еміне жинап қойған қаражатты құда балам полициямен келіп, бопсалады деп наразы.

 

Бұл туралы «Сөздің шыны керекте» айтылды.

Алматы облысы, Нұра ауылының іргесінде мал бағатын Еркін Тазабеков баласын емдетуге жинап қойған ақшасын Алматы қаласы, Алатау аудандық полициясының қызметкерлері түн ішінде қорқытып, бопсалады деп шағымданып отыр.

Еркін Тазабековтен 31 мамыр күні Ринат есімді құда баласы келіп, 10 қозы сатып алған. Ол қозыларда малын бағып жүрген шаруа қожалығының иесі берген дейді. Айтуынша, араға 4 күн салып құда баласы бұл ұрлық мал екен деп жеті түнде полициямен келеді. Оның қолындағы кісеннің бір жағын менің қолыма да салды, миллион теңгемді алып кетті деп отыр.

“Полицияға 200 мың теңгені беріп едім, оң жақ қалтасына салды. Кейін 800 мың теңгені қызым аударып жіберді”, – деді Еркін Тазабеков.

Солайша құда баласының әйелінің шотына Тазабековтың қызы қалған 800 мың теңгені аударған.

Сатқан малдың құжаттары жоқ деген желеумен жеті түнде қолдағы ақшамнан айырылдым дейді жәбірленуші.

“Олардың жазаланғанын қалаймын. Біздің құқығымызды қорлады”, – дейді әйелі Раушан Торапбаева.

Осы істі қолға алған Камиша Есмұхамбетқызы Алатау аудандық полиция бөлімінің екі қызметкерінің түн ішінде қойшының үйіне барып айып тағылмаған адамның қолына кісен салып қорқытуы заңға қайшы дейді.

“Бұнда полиция қызметкерлерінің қызметін асыра пайдалану негіздері бар”, – деді заңгер.

Ал Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек полицейлердің кінәсі дәлелденсе заңға сай жазаланатынын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.