Кәсіпкерлік көкжиегінің жаңа кеңістігі

0

Еліміздің дамылсыз дамуының әр қадамы бұл күнде кәсіпкерлікпен тығыз байланысты. Халықты жұмыспен қамтуда, ел табысын еселеуде, экономиканың еңсесін көтеруде ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік саланың әлеуетін көтеруде де кәсіпкерліктің алар орны орасан. Бұл ретте әлеуметтік кәсіпкерліктің де қоғамда өзіндік орны бар. Осыған орай бүгін Тараз төрінде облыс əкімдігі мен Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау минстрлігінің ұйымдастыруымен «Əлеуметтік кəсіпкерлік: қоғам мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты халықарралық форум өтті.

Жалпы айтқанда әлеуметтік кәсіпкерлік – экономиканың таяуда ғана пайда болған секторы. Бұл мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін немесе жалғыз басты, көпбалалы аналар үшін арнайы жұмыс орындарын құру түйткілдерін шешуге мол мүмкіндік ұсынатын бағыт. Соңғы кездері бүкіл әлемде әлеуметтік кәсіпкерлікке ден қойғандар қатары артып келеді. Дамыған елдердің жалпы ішкі өнімінің он пайызынан астамы осы әлеуметтік кәсіпкерлікке тиесілі. Еліміз үшін жаңа трэнд болғанымен, кәсіпкерліктің осы түрін дамытуға бізде де мүмкіндік аз емес. Осы ретте бүгін облыс басшысының бастамасымен өткен форумға ел аумағынан және АҚШ, Ресей, Бангладеш, Израил жəне ТМД елдерінің өкілдері мен өңір кəсіпкерлері қатысты. Іс-шара аясында «Көне – Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінде кәсіпкерлердің өнімдерінен арнайы көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Онда өз кәсібінің жемісін көріп отырған өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көпбалалы аналар әзірлеген кондитерлік, сүт өнімдері, қолөнер мен жиһаз бұйымдары, аяқ киімнен бастап көрпе, қыз жасаулары қойылды. Облыс әкімі ең алдымен көрмедегі өнімдермен жеке-жеке танысып шықты. Мәселен меркілік жеке кәсіпкер Ұшан Өмірзақова 2 миллион қайтарымсыз грант ұтып алып, кондитерлік цех ашса, шулық кәсіпкер, көпбалалы ана Сайра Тілеуханова «Еңбек» бағдарламасы аясында 5 миллион теңгеге сүт өңдейтін цехтың қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, жиырма сиырдан айран, сары май, құрт пен ірімшік өнімдерін өндіруді қолға алған. Ал екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Рауан Рауылбеков тірек қимыл қозғалысына арналған «Метрон» қозғалыс апаратын жасап шығарған. Ол үшін жеке кәсіпкер 3 миллион теңге несие алып, оған цех ашып, төрт адамды жұмыспен қамтыған. Аталмыш апараттың нарықтағы құны қазір 200 мың теңгені құрайды екен.


Тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандарға таптырмайтын бұл құрылғы облыс басшысының да назарын аударды. Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы көпшіліктің сұранысындағы бұл апаратты алдағы уақытта көбейтудің маңыздылығын да ерекше атап өтті.
Ал негізгі шара – халықаралық форумды облыс əкімі Бердібек Сапарбаев ашып берді.

 

 

– Бүгінгі форумға Ресейден, Түркиядан, ТМД елдерінен қонақтар келіп, қатысып отыр. Бұл форумды өткізудегі басты мақсатымыз – өңіріміздегі кəсіпкерлікті дамыту. Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кəсібін ашып жұмыс істеуге тарту. Олардың мəселесін форумда талқылай отырып, бірлесе шешу. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің озық тəжірбиелерін өзімізде дамытуға мүмкіндік алу. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасы-Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің əрбір Жолдауында елімізде кəсіпкерлікті дамытуға барынша басымдық беріп келді. Соның ішінде əлеуметтік топтағы азаматтардың да жеке кəсібін ашуына барлық жағдай жасады. Осылайша еліміздегі кəсіпкерлікті 30 пайызға жеткізуді алдымызға қойған болатын. Қазір əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа заң Парламенттің қарауында. Ол заң қабылданса əлеуметтік кəсіпкерліктің статусы анықталып, салықта жеңілдіктер қаралып, басқа да мүмкіндіктер жасалады деген сенімдемін, — деді Бердібек Машбекұлы.

Бұған қоса облыс әкімі өңірде осы санаттағы азаматтардың 500 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін несие алып, табыс тайқазанын тасытып отырғанын да тілге тиек етті. Оған қоса өңір кәсіпкерлерінің деммеушілігімен былтырғы жылы 83 мыңдай мүмкіндігі шектеулі азаматқа 37 миллиард теңгенің көмегі берілгенін атап өткен Бердібек Машбекұлы «Асарлатып үй салу», «Жомарт жүрек» жобалары арқылы жүзеге асып жатқан игі істерге де тоқталды.


– Шетелдік əріптестерімізбен тəжірибе бөлісуге мүмкіндік жасап отырған Жамбыл облысы əкімдігіне алғыс айтқым келеді. Бұл форумның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мəселесін шешу. Оларды қоғамдық ортаға, кəсіпке бет бұруға тарта отырып, қоғамнан не аламын деп емес, қоғамға мен не бере аламын деген ұстанымды қалыптастырып, өмірге құлшынысын арттыру. Осы форумнан кейін біздің ортамызда өзін көрсете алмай отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтар əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту жобасы аясында өзін көрсетуге, кəсібін ашуға ұмтыла түседі деген сенімдемін. Осы форумда олар кəсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетініне, заң аясында қандай мүмкіндіктердің барына қанығады деген ойдамын. Баршаңызға жаңа идеялар мен толағай табыстар тілеймін,-деді Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.
Бұдан кейін еліміздегі және АҚШ, Израил, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінен жиынға онлайн форматта қатысып отырған тәжірибелі модераторлар мен табысты кәсіпкерлер өз ойларын ортаға салды.
Мәселен АҚШ та 140 мыңнан астам әлеуметтік кәсіпкерлік пен бірлестік түрлері бар екен. Ал Изарилде шағын кәсіп жалпы кәсіпкерліктің 99 пайызын құрайтын көрінеді. Оның 31 пайызы әйелдер бизнесіне жатса, жалпы жұмыспен қамтудың 61 пайызы да кәсіпкерліктің осы түріне тиесілі.
Ал алқалы басқосудың салтанатты шарасын облыс әкімі Бердібек Машбекұлы қорытындылады. Өз сөзінде өңір басшысы алдағы уақытта да шетелдік тәжірибелі мамандармен бірлесіп жұмыс жасап, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты жұмыс жасалатынына сенімін білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.