259 млн. теңгеге салынған асфальт жол қармен бірге еріп кеткен

0

«Біз әбден біттік пе?» Сапасыз жолға күйінген Қарағанды өңіріндегі Қаражал қаласының тұрғындары Мемлекет басшысын шағымданбақ. Өйткені, былтыр ғана жөнделген жол қар суымен ағып кеткеніне сенімді. Миллиондар жұмсап салып, кейін тоз-тозы шыққан асфальтты енді кім жөндейді? Жауапты мекеме бұған не дейді? Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Қаражал қаласының тұрғындарынан жолдың жайын сұрасаң, жыларман күйге түседі. Былтырдан бері 7 шақырымдық жолды ретке келтіре алмай жатқан мердігерге ашуы қара қазандай. Тұрғындардың сөзінше, Қаражал-Жәйрем арасындағы жолды орташа жөндеудің құны 259 млн теңге екен. Оның өзі екі жылға созылып кеткен.

СЕКСЕН СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚАРАЖАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Қарап отырсақ, мына жолды отыр қылдыңдар ғой. Салып жатқан жолдың өзінің быт-шыты шыққанан кейін қалай жан айқай шықпайды. Сонда щебенка мен отсевті айырмаймыз ба? Біз әбден біттік пе, әлде. Жолдың сапасын қарау керек еді. Енді бұдан әрі қарай біз Президентке шығамыз».

«Сырты бүтін, іші түтін». Бұл да Қаражалдың жолына айтылғандай. Алыстан айнадай болып көрінетін жолдың жиектері үгітіліп жатқанын көруге болады.

АУДАНБАЙ АСАНБАЕВ, ҚАРАЖАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Салған асфалттары сапаға лайықты емес, төмен. Салған асфальттары түсіп жатыр».

Қаражал-Жәйрем бағытындағы жолдың тек бес жарым шақырымы толық аяқталған. Оған 190 млн теңге қаржы жұмсалған. Жолға жауаптылар жөндеу жұмыстарының сағызша созылып кеткенін пандемиядан, бір жағынан ауа райының қолайсыздығынан көріп отыр. Ал ақауларға қатысты маманның айтары

НҰРЖАН ӨКСІКБАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК АҚ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Бір екі жерде ғана деффект болды. Мен ойлаймын на такой протяженности ондай ұзақ телімге допустимо. И ол моменттерді мердігер мекеменің өз қаражатына жойылатын болады».

Жауапты мамандар ақаудың бәрін мердігер қалыпқа келтіреді дегенімен, тұрғындар соның барлығын бақылауда ұстауды талап етті. Әйтпесе, келісім-шарт мерзімі аяқталғаннан кейін ешкімді таппай қала ма деп алаңдайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.