Аудан әкімінің жобасы — ізгіліктің тұғыры

0

«Бұл арақты ішіп еді қай бабаң?
Ішпек түгіл ауызын да шаймаған.
Алла бізге арам деді арақты,
Зияны көп болғаннан соң пайдадан» деп келетін ақын Арман Бердалиннің өлеңі тыңдаған жанды тебірентпей қоймайды. Расында, ішімдік атаулы – «қайғы-қасірет» сөзінің айнымас синонимі. Одан келетін зиянның орасан зор екені баршаға аян. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген тәмсілді ұстанатын халқымыз перзенттерін ащы судан аулақ ұстаған.
Атеистік заманнан арылып, тәуелсіздік таңы атқан тұста халқымыз ата дінге қайта бет бұра бастады. Соның әсерінен болар, бүгінгі жастарымыз да арақ-шарапқа бой ұсынбай, имандылық иірімдерін саналарына сіңіруде. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық жайт екені сөзсіз. Десе де, ішімдіктің кесірінен болатын қылмыстар саны әлі де азаймай тұрғаны сол көңілге кірбің ұялатады. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.
Осы мақсатта ауданымызда «Ішімдіксіз ауыл» жобасы бастау алған болатын. Жоба жемісін беріп те үлгерді. Рамазан айында Жамбыл ауылдық округіне қарасты елді мекендер ішімдіктен бас тартып, көпшілікке үлгі көрсеткені – сол сөзіміздің дәлелі. Әрине, мұн­дай игі бастама өз жалғасын табуы керек. Осыған орай жобаны іске асыру мақсатында құрылған жұмыс тобының мүшелері ауыл-ауыл­ды аралап, тұрғындармен жүзде­сіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Осындай келелі кездесудің бірі Ақбұлым, Айшабибі, Қара­төбе ауылдық округтерінде өтті. Басқосуда сөз алған «Аса адал­дық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандар Тоқсаба: «Елімізде ішімдіктің салдарынан қан­шама жантүршігерлік қылмыс­тар орын алуда. Отбасындағы кикілжің, ұрыс-жанжал, ажырасу­лар­дың да себебі ащы суға келіп тіреледі. Жас буынды осы зиянды әдеттен арашалау – бәрімізге ортақ парыз. Жастарымыздың дені сау болса, еліміздің де келешегі жарқын болмақ. Сол үшін де баршаңызды осы жобаға қолдау білдіруге шақырамыз», – деді.
Келесі кезекте топ мүшелері дүкен иелерімен жолығып, мәселенің мән-жайын түсіндірді.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Leave A Reply

Your email address will not be published.