«Қазақстандықтар қымбат Мальдивке баруға дайын, бірақ Алакөлде жеңілдік жасауды сұрайды»: Алакөлдегі демалыс орнының иесі кәсібінің қиындықтарын айтты

0
Жыл сайын туризмді дамыту үшін бюджеттен миллиондаған қаржы бөлінеді. Алайда қаржы бола тұра, бұл саланың дамуына қатысты туындайтын сұрақ көп. Қазақстандағы көрікті жерлердің қатарындағы маусымдық туристік орынның бірі — Алакөл. Шипалы, емдік суымен танымал орынға келушілер саны жыл сайын көбейсе де, демалыс базаларының дамуына бүгінде кедергілер көп. Оның кейбірі тіпті қазақстандықтардың қарым-қатынасына да тікелей байланысты екен. Алакөлде 20 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан «Шипа су» демалыс орнының иесімен сұхбаттасып, маусымдық туризмнің қиындықтары жайлы және ең бастысы не үшін кез келген қазақстандық Алакөлге келіп, демалу қажет екенін сұрадық.

«Шипа су» демалыс орны 2000 жылдардан бастап жұмыс істеп келеді. Ол уақытта демалыс үйлерінің орнына киіз үй түріндегі жатын орындар болған екен. Демалыс орынның ашылу мақсаты — қасиетті, шипалы, жараларға, жалпы денсаулыққа емдік қасиеті мол көлге қазақстандықтар мен шетелдіктерді тарту.

«Шипа су» демалыс орнының негізін салушы Әсел Керімбай демалыс орнын ашу кезінде адамдар келіп, демалса, емделіп, күш жинап қайтса деген ой болды, дейді.

«Бастапқыда үлкен туристік орталық жайлы ой болған жоқ. Қазақтар көп демала бермейді ғой.  Жазда той-томалақ емес, демалысқа көңіл бөлсе деген мақсатпен ашқан болатынбыз. Содан бері 21 жыл өтті. Нақты демалыс орны ретінде 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақытта қонақүйлер салына бастады. Біртіндеп-біртіндеп дамып, қазір көп адам қабылдай алатын деңгейге жеттік», — дейді Әсел.

Туристік маусымның қысқалығы демалыс орындарына қалай әсер етеді?

Алакөлдің Шығыс Қазақстан жағалауында 180 база, Алматы жағалауында 250 база жұмыс істейді. Олардың бәрі мүлде пайда таппаса аша қоймас еді. Әрине, күнкөріске жететіндей табыс табуға болады. Қиындықтар өте көп. Олардың бірсыпырасы кәсіпкерлердің құзіретіне байланысты емес. Егер бұл сұрақтар мемлекет тарапынан шешілетін болса, тиімді болар еді.

Туристік маусым қысқа болғандықтан дұрыс, сапалы қызмкеткерлерді тартудың, оңтайлы, жүйелі түрде жұмыс істеу қиындығы, толыққанды инвестиция жасаудың тиімсіздігі, ақтамайтындығы деген мәселелер пайда болады. Осы факторлардың барлығы тиімсіздікке алып келеді.

Бізге келуші турситердің көбі «неге Алакөл Египет, Мальдивы, Түркия сияқты болмайды?, неге «all inclusive» (ұсынылатын қызметтер кешені-авт.) емес, жағдай төмен, трансфер жоқ» деген сұрақтар қояды. Біріншіден, туристік маусым қысқа. Екіншіден, Алакөлге Қазақстан халқының өзі 100 пайыз келмейді. Египет, Түркиядағы кез келген шетелдік курорттарға бүкіл әлем барады. Трансфер, «all inclusive» дегеннің бәрін олар адам санымен ақтайды. Турист көп, жыл он екі ай келеді. Демек көпшілік арқылы табыс табады.

Ал Алакөл мегаполистерден 1000 шақырым жерде орналасқан. Кез келген тауар, құрылыс заттарын осындай алыс жерден тасымалдап алып келеміз. Егер біз Сарыағаш, Бурабай сияқты 12 ай істейтін болсақ, бағаны арзандатуға болатын еді. Бар болғаны 2-3 ай жұмыс істейміз оның өзінде бізде тексерістер көп болады. Осының бәрі сайып келгенде бағаға қатты әсер етеді.

 

Демалыс базаларының иелері қандай проблемамен бетпе бет келеді?

Туристік маусым кезінде жеке басым кездесетін қиындық — халықтың басым көпшілігінің демалыс ұғымына қатысты сауатсыздығы. Қарапайым ақпараттарды білмейді, айтып тұрған нәрсені түсінбейді. Желіде толық ақпарат тұрғанның өзінде оны толық сіңіре алмайды. Орыс тілділер бәрін түсініп, қазақ тілді азаматтар түсіне қоймайтын жағдайлар болады.

Қызмет ұсынумен айналысатын жұмысшы алып келу қиын. Осылайша, тағы бір проблеманың шеті шығады. Мұнда екі ай үшін жұмыс істеуге өз-өзіне сенімді адамдар келмейді. Ондай адамдардың тұрақты жұмыс істейтін орындары бар. Ал әлсіздеу жұмысшылар қымбат сұрайды, ол сәйкесінше бағаға әсер етеді.

Алыстан келіп ешкім жұмыс істейді, кейде жергілікті халықтан аламыз. Олар қаражатты күнделікті төлеуімізді сұрайды. Үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етеміз, соның өзінде сапалы қызмет ұсынбайды.

Осы салада он жыл жұмыс істегенде түсінгенім, бізге кез келген қаладан жету проблема, билет жетпейді. Бізге қарағанда Мальдивке жету оңайырақ. Жол мәселесі шешілмеген.

Былтыр Алакөлдің Алматы жағалауы мен ШҚО жағалауынан туристер бір пойызбен қатынады. Біз жақтағы жағалауға ПТР тест талап етілді. Мониторинг тобы біздің жұмысымызды күнделікті тексеріп, негізгі бағытымыз — туристерді күтуден ойымызды аударды. Алматы жағалауында ондай проблема болған жоқ. Сәйкесінше ол жаққа туристер көбірек келді, ал бізге келушілер саны аз болды. Есесіне бізге шектеулер көп қойылды. Мәселен, демалыс орнын 20-40 пайызға дейін толтыруға рұқсат берді. Осылайша кәсіпкерлердің барлығы дерлік жапа шекті, банкрот болды.

Бізде орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ, сондықтан әр база септик қазады. Оған күнделікті 30-40 мың теңгеге сорғызады.  Бір маусымда тамаққа, киімге емес, тек жаман судың өзіне 1-2 млн теңге қаражат жұмсаймыз. Егер мемлекет бізге орталықтандырылған кәріз жүйесін жасап берсе, біз мұндай шығынға батпас едік.

Тағы бір маңызды мәселе, жағаны бекіту. Су жыл сайын ұлғайып, жағаны алып кетіп жатыр. Қаншама базалардың бір емес, бірнеше үйі су астына кетті. Суға жақын орналасқан базалар жылына 5-10 млн теңгеге құм төгуге мәжбүр. Осыдан он жыл бұрын жағаны бекітуге миллиардтаған қаражат бөлініп, салынуы тиіс сегіз толқын соғудан қорғайтын жабдықтың біреуі ғана салынды.  Есесіне су жағаға жылжып, базаларды алып кетіп жатыр. Осылайша кәсіпкерлер шығынға батуда.

Одан бөлек, электр тоғы. Демалыс орны үш ай жұмыс істейді, қалған уақытта электр жарығы сөніп тұрады, ешқандай қуат қолданылмайды. Энергия қолданылмағандықтан шығынға ұшырайды. Трансформатор қою тіимсіз, ал сапалы тоқты Үржардан, Мақаншыдан тасу қымбатқа соғып тұр. 100 шақырым жерде орналасқандықтан электр тоғын ол жақтан жүргізу әлі іске асырылып біткен жоқ. Осының себебінен маусым қызу кезде пеште нан пісіріп жатқанда, жүз кісіге тамақ дайындап жатқанда жарық сөніп қалады. Кондиционер, тоңазытқыш өшіп қалады, себебі қуат жетпейді. Осындай кезде туристердің бәрі электр тоғының сөнгеніне шағымданады. Осындай проблемалар жиі кездеседі. Мемлекет осы электр энергиясына қатысты мәселені шешсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

 

Жергілікті халықтың демалыс орындарына қарым қатынасы қандай?

«Түркияны — қызмет ұсынудың атасы» деп жатады. Кез келген туристік аймақта қызметкерлер маманданған, оқыған болады.

Мәселен, 1878 жылы АҚШ үкіметі Түркияға инвестиция салып, туризм саласы мамандарын даярлайтын ЖОО ашады. Біз ол кезде жоңғар шапқыншылығын өткеріп жатқан едік. Осы салада жұмыс істейтін мамандар күліп қарсы алып, іші-бауырыңызға кіріп, жоғары деңгейде, сапалы қызмет беруге тырысады.

Ал бізде қызметкерлер — жергілікті халық. Бала-шаға, студенттер, туризм саласының маманы емес. Сәйкесінше сапалы қызмет ұсына алмайды. Ешқандай туристің алдында сыпайы сөйлесіп тұрмайды. Одан бөлек, адам аз болғандықтан шаршайды, сәйкесінше көңіл-күйі болмауы мүмкін. Осындай факторлар қызмет сапасына әсер етпей қоймайды.

Алайда жергілікті тұрғындар, ШҚО-ның Үржар маңындағы Қабанбай ауылының тұрғындары алғаш болып туристік нарықты қалыптастырған болатын. Ешкім Алакөлді білмейтін кезде, туристер әлі келіп көрмеген уақытта қамыс өсіп, судың жанына бару мүмкін емес кезде жергілікті халық қазақ үйін тігіп, бәліштерін сатып, қызығушылық туғызды. Осыдан бастап халық Алакөлге ағыла бастайды. Демек қарапайым халық  — туристік нарықты жасақтаушы басты кейіпкерлер десе болады.

 

Мемлекеттен қандай қолдау керек?

Инфрақұрылым, жолдың жасалуы, әуе ұшақтарының толыққанды жұмыс істеуі, пойыздардың түгел болуы — осы мәселе ең басты проблемалардың бірі. Биыл Шығыс Қазақстан әуе жолын күзге дейін жауып тастады, сондықтан ұшақпен келетін туристер амалсыз пойызбен келуге мәжбүр. Автобуспен көбі келгісі келмейді. Осы орайда жол мәселесіне келгенде альтернативті таңдау қалмады. Семейден, Алматыдан, ШҚО жағынан да толыққанды жол жасалмады. Осы себептер бізге үлкен кедергі болды. Одан бөлек, базалардың арасындағы жолдарға, сондай-ақ, жарық мәселесіне қатысты мемлекет тарапынан көмек болса қолайсыздық деңгейі төмендер еді.

Мемлекеттен бірінші көмек — кедергі жасамау, тым көп талаптар мен тексерістерді тоқтату. ПТР тестсіз қабылдауға шектеу қойғаны салық салушылардың, әкімшіліктің үздіксіз тексеруі жұмыс істеуге бөгет жасайды. Сонымен бірге, көлдің шипалық, емдік қасиетін насихаттау, жарнамалау қажет. Қазақстан ғана емес, кем дегенде ТМД елдерін қамту маңызды. Мәселен, Болгария, Ресейден келіп демалатын туристер бар. Олар аллергия, жараларға, тыныс жол аураларына ем деп көлге келеді.

Алкөлге келушілерге шын мәнінде ем қонады. Көл балшығының буын ауруларын жазып, денсаулықты жақсартқан оқиғалар көп.

Жағалауды көркемдеп, оны бекітіп, балшықты қоршап, концентрациясы жоғары радон суларына басымдық беріп насихаттау қажет. Қазір барлығымыз күнделікті техникалық радиация алып жүрген халықтың денсаулығын қалыпқа келтіруге таптырмас мүмкінді болар еді. Осыны насихаттау мемлекет үшін тиімді болмақ, себебі салық та түседі, халықты жұмыспен де қамтамасыз етуге болады.

 

Қазақстандықтар қызмет пен жайлылық үшін төлеуге дайын ба?

Қазақстандықтар қызмет пен ыңғайлылық үшін төлеуге дайын емес. Елдің 10-20 пайыз үшін бұл қалыпты болуы мүмкін, алайда қалған 80 пайызы төлеуге дайын деп айта алмаймын. Біз тойға баруға, киім алуға, мерекелік шара өткізуге бармыз, алайда отбасымен бірге емдік демалысқа баруға дайын емеспіз.

Алакөлдегі демалыс адамның өз денсаулығына салған инвестициясы. Жылына ең құрығанда бір рет адамның денсаулығына демалыс, ем қажет. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан туристік аймақтарға қатысты менсінбеушілік басым. Мысалға, бізге келген туристердің көбі «бағаны түсіріңізші, жеңілдік жасаңызшы» деп жалынатыны бар. Өзіміз азын-аулақ баға қоямыз, соның өзін түсіруді сұрап жатады. Ал енді әңгімелерін тыңдасаң: «Осы демалыстан кейін Парижге, Мальдивке барамыз, билет алып қойдық» деп жүреді. Шетелге барып ешқашан бағаны түсіріңізші деп айтпайды, бірақ бізге айтады. Демек біз, өз отанымыздағы барды бағалап, ұсынған қызметі үшін ақысын беріп, оны жандандыруға үлес қосуға әлі дайын емеспіз.

Кез келген қазақстандық азамат түсінуі керек нәрсе бар. Сіз өз туған жеріңізде демалған кезде, Алакөлге келіп, демалыс үйіне қаражатыңызды төлеген уақытта, демалып, денсаулығыңызды жақсартып қана қайтпайсыз, туған еліңіздің экономикасына инвестиция  құясыз. Себебі барлық кәсіпкерлер салық төлейді.

Алакөл жағалауы бүгінде 50 мың отбасыңа жұмыс беріп отыр. Транспорт, азық-түлік сату, логистика, кафе, мейрамханалар, официант, еден жуушыға дейін қызметкерлерді қамтамасыз етіп отыр. Әр базада кемінде 10-20 жұмысшы бар. Сонда 200 базада қанша қызметкер бар екенін елесетете беріңіз. Одан бөлек, Семей, Үржардағы құрылыс компанияларының саудасын жүргізіп, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Енді осындай жағдайдағы демалыс орнына келген қазақстандық турист өз елінің экономикасына толыққанды үлес қосып кетеді. Шетелді көп айтамыз, Қазақстанға шетелдік туристерді емес, өзіміздің отандық туристерімізді әкеле алмай отырмыз. Оған мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік жоба ретінде әзірленген кешенді жарнамалар қажет. Онда әлеуметтік роликтер қамтылуы тиіс, мінбердегі атқамінер шенеуніктеріміз осы салаға көңіл бөліп, көлдің емдік қасиетін айтса, қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын өзбек, түрік, ресейлік ағайындар қызығып келуші еді. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев ашылуын жасап «Алакөлге келіңдер!» деген бір ауыз сөзінен кейін қаншама турист ағылды. Өкінішке қарай, қазір еліміздегі суы тамаша, сапалы, емдік қасиеті бар көліміздің қадірі кетіріп, қасиетсіздеу болып отыр.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.