СҚО-да титан-цирконий комбинаты шетелдіктердің қолына өтпек: Жұмысшылар наразылық білдірді

0
Солтүстік Қазақстан облысының Обуховка кен байыту орнының жүзден артық жұмысшысы облыстық әкімдіктің алдына жиналып, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың шығуын талап етті.

Жұмысшылардың сөзінше, Қазақстанға әлі кем дегенде 60 жыл пайда әкелетін кен байыту комбинаты шетелдіктердің қолына өтіп кетпек. Ал соның салдарынан төрт жүзге жуық қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін. Жүз елуге жуық жұмысшы әкімдіктің алдына жиналып облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесуді талап етті.

Азаматтар титан-цирконий шығаратын Обуховка кен байыту комбинатының жұмысын тоқтатпасын дейді. Сөздерінше, төрт жүзге жуық адам жұмыссыз қалмақ.

“Шешейік деп әкімдікке келгенбіз. Әкімдік көмектеспесе енді көмекті кімнен сұраймыз.Бес балам бар. Қазір бізді шығарып жіберсе кім тамақтандырады оларды”, – дейді «Тиолайн» ЖШС жұмысшысы Аслан Мұқышев.

Жиналғандар қызметкерлеріне жақсы табыс төлейтін жұмыс орнының жабылуына жол бермейтінін айтады. Мәселен, шаруашылық қызметкерлері 200 мың теңге, шеберлер 800 мың теңгеге дейін айлық табыс алады екен. Сөздерінше кен байыту орнының жиырма пайызы ғана «Тиолайн» серіктестігіне, қалған 80 пайызы басқа құрылтайшыларға тиесілі. Ал олар зауытты толығымен тартып алып, шетелдіктерге сатып жібермекші дейді.

“12 маусым соңғы күн жұмыс істейміз. Үш күн ғана қалды. Адамдар табысынан айырылғысы келмейді. Сол себепті осында келдік. Және біз соңына дейін барамыз”, – дейді «Тиолайн» ЖШС атқарушы директоры Виктор Долгалев.

“Башқұрт тұз компаниясы кен байыту орнына толық өздері иелік етіп, кейін қытайлықтарға сатып жібергісі келеді”, – дейді тағы бір жұмысшы Болат Дошқаев.

Тұрғындардың шағымын тыңдаған облыс әкімі серіктестік келісімшартқа сәйкес мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамай жатқандықтан индустрия министрлігі лицензиясын тартып алып, кенде қазба жұмыстарын жүргізуге тыйым салғанын айтады.

“Бір жыл бойы рұқсат береді министрлік дұрыстауына. Бір жылда бүкіл міндеттемелер орындалмайды. Соған байланысты мына контракт бұзылып жатыр”, – дейді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрімен сөйлесуге сөз берді. Ал мәселе шешілмесе дүйсенбіден бастап жұмыссыз қаламыз деген қызметкерлер қайтадан облыстық әкімдіктің алдына келіп, аштық жариялаймыз дейді.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.