Үй беріліп, таза ауызсумен қамтылды

0

Жамбылдағы қос қуаныш
Жамбыл ауданы Аса ауылында 76 пəтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үйдің құрылысын «Бином» ЖШС бір жылда аяқтаған. Жоба құны 599 миллион теңге.
Бес қабатты тұрғын үйде 36 бір бөлмелі, 16 екі бөлмелі, 24 үш бөлмелі пəтерлер бар. Пәтер кілтіне ие болғандардың дені жетім бала, көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі азаматт
Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев аудан тұрғындарын қоныс тойымен құттықтады.
— Биыл облыста 650 мың шаршы метрден аса тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде. Бүгінде Жамбыл ауданында пəтер кезегінде 1019 адам тұр. Сол кезекті азайту мақсатында Аса ауылында тағы төрт көпқабатты тұрғын үй салынып, 320 адамды пəтермен қамтуды ойлап отырмыз. Бұдан бөлек, 7 елді мекенде екі мыңға жуық жер телімін беру жоспарлануда. Аса ауылындағы 811 жер теліміне инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыста «Асарлатып үй салу» жобасы биыл да өз жалғасын табатын болады. Оны біз демеушілердің күшімен жүзеге асырудамыз, — деді аймақ басшысы.


Өз кезегінде жаңа қоныс иесі, жеті баланың анасы Айнұр Бегалиева өз қуанышымен бөлісті. Ол тоғыз жылдан бері үй кезегіне тұрып келіпті. «Əсіресе балаларым қатты қуанып жүр. Бұған дейін пəтер жалдап келсек енді өз үйіміздің болғанына сене алар емеспіз. Қуанышымызда шек жоқ», — дейді ол.
Сондай-ақ, бұл күні Жамбыл ауданы Шоқай ауылына таза ауыз су берілді. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жұмыс сапары барысында аталған ауылдағы жүргізілген таза ауыз су жүйесінің құрылысымен танысты. Өткен жылдың наурыз айында басталған құрылыс жұмыстары «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүргізілген.
Халық қажетіне берілетін игілікті тиісті талаптарға сай орындаған «Болат-Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 800 тұрғыны бар ауылға 15 шақырымды құрайтын су құбырын тартып, 160 аулаға су жіберу бойынша тетіктер орнатқан.


Ауыл болып құрылған 70 жылдан бері құдықтан су ішіп келген тұрғындар бұл оқиғаның тамаша тарту болғанын айтуда.
— Соңғы кездері ауыз судың құрамы да өзгере бастаған еді. Мінекей, бүгін тұрғындардың талай жылғы арманының орындалғанын көріп отырмыз. Ауыл жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Биыл ауылда клуб салынса, «Жомарт түлек» жобасы аясында ауылға арка орнатылды. Енді оқу ордасының құрылысы басталмақ, — деді шоқайлық Исмайл Ходжумуратов жақсы жаңалықтармен бөлісіп.


Бердібек Сапарбаев су мұнарасын аралап, қондырғылардың жай-күйін барлады.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.