Қызметтен тыс жүріп, ұрыны ұстаған

0

Бейбіт күнде қоғамның тыныштығы мен жұрттың амандығын күзетудің өзі ерлік. Біз көшеде ұры-қарымен күн сайын ұшырасатын шығармыз. Бірақ оның нақты күдікті екенін байқау мүмкін емес. Ал қырағы маман бірден ажырата алады. Соның бірі – Алматы қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция қызметкері Берік Өмірзақов.

«24 ақпан күні түске таман досымның үйіне көмекке бара жатқанда «Қалқаман» ықшам ауданы Сұраншы батыр көшесіндегі бір үйден күдіктінің шыққанын байқадым. Жанымнан жүгіріп өтті. Іле-шала соңынан екіншісі шықты. Артыма қарасам ол да жан-жағына алақтап, қашып барады. Жанындағы көрші үйдің иесі көлік жасап жатыр екен. Мына үйден шыққан екі адам осында тұра ма?» деп сұрап едім, мүлдем көрмеген адам екенін айтты», – дейді  Берік Өмірзақов.

Содан Берік жұмыстан тыс уақыт болса да күдіктілер шыққан үйдің есігін қағып, мән-жайды анықтауға кіріседі. Сол сәтте-ақ іштегі балалардың жылап «үйге ұры түсті» деп жанұшырған даусы естіледі. Үйде кәмелет жасына толмаған 4 бала болған.

«Балалардың үлкені – 16 жастағы ұл. Ең кішкентайы – 2 жаста. Кішкентай қыздарды қорқытып, қолын байлап тастаған. Ұрыларға қарсылық танытпақ болған ересек ұлдың басын балғамен ұрып жарыпты. Сөйтіп, үйдің астан-кестеңін шығарып, қымбат, бағалы заттарды іздеуге кіріскен. Ойланып тұратын уақыт жоқ. Көршісінің көлігіне отырып, қарақшылардың ізіне түстік.

– Олардың Toyota Corolla көлігіне отырғанын көрдік. Райымбек батыр көшесіне бұрылғанда қысып, тоқтаттық. Екі күдікті көліктен шығып, тұра қашты. Біреуіне қуып жетіп, жауынгерлік күрес тәсілдерімен жерге құлатып, қолын қайырып, 102-ге хабарластым. Сөмкесінде травматикалық тапанша бар екен. Кейін белгілі болғандай, күдіктілер жатын бөлмедегі сейфті ашып, сол жерден 9 мм калибрлі газ тапаншасын ұрлап кеткен екен. Екінші ұры қашып кеткенмен, көп ұзамай ол да ұсталды. Қарақшының екеуі де бұрын екі рет сотталғаны белгілі болды», – дейді аға сержант.

Тапа-тал түсте ұрылар үйге қалай түсіп жүр? Олар да ақымақ емес. Бұл үйді біраз уақыттан бері бақылауға алса керек. Үй иелерінің шығып кеткенін аңдып отырған. Тіпті, үйдің сыртында камераның барына да қарамай, баса-көктеп кірген.

Осылайша, құқық қорғау саласында жұмыс істеген бес жылдың ішінде өзінің кәсіби маман екенін көрсете білген ол: «Бұл салаға 2016 жылы келдім. Мұнда жұмыс істеу – бала кездегі арманым болатын. Осы мамандық иесі болу үшін біраз тер төктім. Спортпен шұғылдандым, көп оқыдым. Мектепте жүргенде ішкі істер органы қызметкерлері туралы фильм көргенді жақсы көретінмін. Бұл мамандық адамды адал, жауапты, жанашыр, патриот болуға тәрбиелейді. Өз басым адамдарға көмектескенді жақсы көремін. Демалыс күнімде де күдіктіні танып, қылмыскерлерді ұстағанымды ерлікке баламаймын. Бұл – менің азаматтық борышым және міндетім», – дейді.

Айтпақшы, Берік Өмірзақовтың бұл ерлігі мемлекет назарынан да тыс қалған жоқ. Биыл 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында президент Қ.Тоқаевтың қолы қойылған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев табыс етті. Ал аға сержант Берік Өмірзақовты төрт баланың ата-анасы арнайы қонаққа шақырып, алғысын білдіріпті. Қазір ол бұл отбасымен жақын дос болып араласып кеткенін айтады.

Бүгінде ол Алматыдағы стратегиялық нысандардың бірі – жылу электр стансасының күзетінде жұмыс істейді. «Мен маңызды нысанды күзетемін. Маған артылған жауапкершілік зор. Сондықтан өзіме сеніп тапсырылған мекемені қорғау басты міндетім деп санаймын», – дейді аға сержант.

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.