«ҰБТ-дан кім көп балл жинайды деп жарыстық»: 2021 жылғы ҰБТ-дан алғашқы 140 баллды жинаған түлек сұхбат берді

0

Қазақстандағы 2021 жылғы ҰБТ-дан алғашқы максималды 140 балл жинаған 18 жастағы Данияр Уалиев отбасының үлкені, Павлодар қаласында туып-өскен, ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің түлегі.

Данияр Уалиев — Алтын белгі үміткері. Жүзуден спорт шеберіне үміткер. Бірнеше мәрте ҚР чемпионы. Жалпыресейлік жарыстардың жүлдегері. Nur Sultan Оpen халықаралық жарысының чемпионы.

Жас түлектің айтуынша, ол таңдау пәніне физика мен математиканы таңдаған. Барлық тест сұрақтары ішінен қиындауы — физика пәні болған. Алайда мектебі мен оқытушыларының сапалы білімі арқасында ең үздік балл жинауға мүмкіндік алған.

«Мектеп, оқытушылардың арқасы деп білемін. Олар әртүрлі іс-шаралар, байқаулар ұйымдастыратын. Соның ішінде оқушылар команда болып жарысатынбыз. ҰБТ-дан кім көп балл жинайды деп жарыстық. Әр апта сайын екі бақылау тестін жасайтынбыз.

Бұл мектепте 5 жыл оқыдым, мектеп-лицейі интернат түрінде. Маған білім, жаңа таныстықтар, достар, бауырларым десем болады, көп мүмкіндіктер берді. Интернатта тұрып, оқитын болғандықтан тәртіпке де осы жерден үйрендік», — дейді ол.

Бұл Даниярдың тапсырған алғашы Ұлттың Біріңғай тестілеуі. Данияр Уалиев оқуға тапсыратын университетін әлі таңдамағанын айтады.

«Сүлеймен Демирел атындағы университет, Қазақстан-Британ университеті, Сатпаев атындағы университетті таңдауда бар”, – дейді Данияр.

Абитуриенттерге Данияр өз кеңестерін айтты.

«Бастысы уайымдамау. Қорқыныш ең басты кемшілік. Ол сізге назар аударуға, дұрыстап зейін қоюға кедергі келтіреді», — дейді ол.

Айтуынша, мектебінде өзінен басқа да жоғары балл жинаған түлектер бар.

Математика мен география пәндерін таңдаған түлек 128 балл жинады. Одан бөлек, 125, 116 балл жинағандар бар.

Тестілеуге дейін де Данияр жоғары балл жинап жүргенін айтты. Ал ҰБТ-да келген сұрақтары өзі тапсырып жүрген бақылау тестерінен тек мазмұны жағынан сәл өзгешеленгенін айтты ол.

«Бақылау тестерін жасап жүргенде әртүрлі балл жинап жүрдім. Көбіне 110 баллдан жоғары алатынмын. 140 жинамасам да, соған жуығын алып жүрдім. Сынақтарда келіп жүрген сұрақтар болды, алайда мазмұны жағынан сәл өзгешеленді. Геометрия мен тригонометрияда қиын сұрақтар болды. Физика ең қиыны болды, алайда ең бастысы формуланы дұрыс қолдану, теорияны білу. Қазақстан тарихы пәні оңай болды деп айтуға болады. Соңғы сұрақ текст түрінде келді, сондықтан кішкене ойды жинақтап, барды салуға тура келді.

ҰБТ-да ең жоғары балл жинауға тырыстым. Барымды салдым. Бар берілген 4 сағаттың 3 сағат 40 минутында шықтым», — дейді түлек.

Айтуынша, ҰБТ-да жинаған балын білгенде, қуанған, ал  ата-анасы қатты таңғалған.

Болашақта Данияр физика, математика бағытындағы инженер боламын деп жоспарлайды.

«Жоспарларымның ішінде: оқу орнын жақсы бітіру, өз ісімнің маманы болу, отбасым, ата-анамды қамтамасыз ету», — дейді ол.

«Білім-Инновация» лицей басшысы Уркимбаев Рахим Халилуллаевич пандемия кезінде де оқушылары тынбай сабақ оқып, сынаққа дайындалғанын айтады.

«Лицейіміздің оқушылары бірінші және екінші тоқсанда қашықтықтан оқыды. Қаңтар айында 11-сынып оқушылары, наурыз айында 9-сынып оқушылары, сәуір айында барлық сыныптар лицейге оралды. Пандемия уақытында балаларды топ-топ лицейге шақырдық, қосымша сабақтар ұйымдастырдық.

Күзгі демалыс, қысқы демалыс, көктемгі демалыстарда балаларға ҰБТ дайындық курстарын жасадық. Осы жылы лицейімізді бітіріп отырған 50 оқушыны 10 топқа бөліп өзара айлық ҰБТ жарыстарын ұйымдастырдық. Апта сайын ҰБТ дайындық сынақтарын жазып отырды оқушылар», — дейді Рахим Халилуллаевич.

Айтуынша, қазіргі уақытта ҰБТ-ның осы жылғы орташа балл -102 болып отыр, былтырғымен салыстырғанда жоғары.

«Оқушылар ҰБТ-ны екі рет тапсырды.  Тағы да бір рет тапсыратын мүмкіндіктері болады», — дейді лицей басшысы.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.