Нұр-Сұлтанда жүргізуші өзіне жалған шабуыл ұйымдастырып, 5 миллион теңге ұрлаған

0
Нұр-Сұлтанда экспедитор-жүргізуші өзіне жалған қарақшылық шабуыл ұйымдастырып, бес миллион теңгені ұрлап кеткен.

Кешкі уақытта «102» пультіне қонақүй маңында ер адамға пышақ жарақаты салынғаны туралы хабарлама түскен. ЖШС-да жұмыс істейтін экспедитор-жүргізуші көлікте отырғанда бетперде киген екі ер адам келіп, пышақпен қорқытып, ақша талап еткенін айтқан. Жәбірленуші 34 жаста.

Олардың арасында төбелес болып, жүргізуші пышақ жарақатын алған, ал қарақшылар бес миллион теңгеге жуық ақша салынған қапшықты алып, қашып кеткен. Жараланған жүргізуші қалалық ауруханаға жеткізілді.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде қылмыс жасалған жердегі барлық бейнебақылау камерасының жазбасы тексерілген. Жедел уәкілдер айғақтар сәйкес емесін байқап, мәліметтің дұрыстығына күмән келтірген.

Нәтижесінде полиция жүргізушінің қозғалыс бағытын қадағалап, пәтеріне тінту жүргізіп, ақшаны тәркіледі. Экспедитор-жүргізуші бұлтартпас дәлелдемелерден кейін қылмыс жасағанын мойындады. Ол ақшаны иемдену мақсатында қылмысты өзі ұйымдастырғанын айтты. Қазіргі уақытта қылмыстық теріс қылық жасағаны туралы көрінеу жалған ақпарат жеткізу дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

tengrinews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.