Полицей жасөспірім тізгіндеген көлікке оқ атты: Оқиғаның мән-жайы белгілі болды

0

Арқалықта жасөспірім тізгіндеген автокөліктің дөңгелектеріне оқ атқан полицей оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді

Сол күні аға сержант Аман Оспанов әріптесімен бірге өрт сөндіруден келе жатқан. Жолда жол талғамайтын көліктің дұрыс қозғалмағанын байқаған. Автокөлік күрт тоқтап, кейін жылдамдықты тез арттырып келе жатқан.

«Көз алдымда жүргізуші адамдарды қағып кете жаздады. Сондықтан көлікті тоқтатуға бел будым. Кейін аспанға оқ атып, ескерту жасадым. Көлік тоқтамады. Содан кейін көлікті тоқтату үшін, әдейі артқы дөңгелегін көздедім. Бірақ ол тоқтаған жоқ. Дөңгелегі жарылған соң 500 метрдей жүріп, үйінің алдына барып тоқтады. Сол кезде ғана рөлде жасөспірім болғанын көрдім, өйткені көлік биік болды әрі біз оның арт жағынан келе жаттық», – деді Аман Оспанов.

Оқиғаға Арқалық тұрғыны Сабыржан Лекеров де куә болған. Ол дөңгелекке оқ атқан полицейді өз көлігіне отырғызып, заң бұзған жүргізушінің үйіне дейін қуып барған.

«Қауіпті болды, ол тоқтамады. Көше бойында адамдар мен балалар болды, ол біреуді қағып кетуі мүмкін еді. Жол бойында көліктер тұрды. Адамдар не болып жатқанын көру үшін көшеге шықты. Ол Солтүстік бойымен жүріп өтіп, тоқтамады, Руднечная бойында да тоқтамады. Джип тағы бұрылған сәтте мен артта болып, бәрін көрдім. Қызметкер көліктен жүгіріп шығып, бір оқты аспанға атты, кейін артқы дөңгелекке атты. Сол сәтте көлік маған қарай келе жатты. Полицей менің көлігіме отырды. Екеуіміз оны үйіне дейін қуып бардық», – деді жергілікті тұрғын.

Көлікті тізгіндеген жасөспірімнің 35 жастағы әкесі бұған дейін істі болғаны белгілі болды. Ер адам мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін 2015 жылдан 2018 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылған.

Полицияның мәліметінше, баланың әкесіне қатысты Әкімшілік кодекстің 612-бабы 3-бөлігі, 613-бабы 1-бөлігі бойынша екі хаттама толтырғанын хабарлады, жақын арада Арқалық соты Әкімшілік кодекстің 127-бабы 3-бөлігі («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша процессуалдық шешім шығарады.

Ата-ананың әрекеті қала әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиясында да қаралды, онда әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы ескерту мерзімі (3 ай) туралы шешім шығарылды. Қылмыстық немесе әкімшілік заң бұзушылықтар жасалса, әкесі ата-ана құқығынан айырылады.

Сондай-ақ полиция Қылмыстық кодекстің 378-бабы («Билік өкілін қорлау») бойынша соталды тергеу бастады. Қазіргі уақытта жасөспірімнің әкесіне 200 мың теңгеден аса айыппұл салынды, егер оның кінәсі барлық тармақ бойынша дәлелденсе, оған 600 мың теңге шамасында айыппұл салынуы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін Арқалықта полицейлер автокөліктің соңынан қуып, қару қолданғаны айтылған еді. Көлікті 14 жастағы жасөспірімнің тізгіндегені анықталды. Бұл оқиға түсірілген видео әлеуметтік желіде таралды.Кадрлардан баланың жанында нұсқаушы ретінде ер адам отырғанын көруге болады. Осы уақытта оларды полицейлер тоқтатады. Алайда ер адам боғауыз сөз айтып, балаға тоқтамай, жылдамдықты қосуды бұйырады. Полицейлер көлікті тоқтату үшін оқ атады.

Кейін жасөспірімнің әкесі көпшіліктен кешірім сұрады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.