«Көлік айдай алмай, жүргізуші куәлігін сатып алатындарды кешіруге болмайды»: Олжас Сүлейменов алғаш рет немересінің қазасы жайлы сөз қозғады

0
Ақын, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов немересі Ескендірдің қазасына байланысты алғаш рет пікір білдірді.

«Біз қайғыны жеңбейміз, қайғымен өмір сүруге мәжбүр боламыз. Бір өкінетінім, қолымда құзыретім болып тұрғанда, таныстарым арқылы оны бір елшілікке жұмысқа орналастыра алмадым. Бес тілді білетін еді. Мен елші болған шағымда Ескендір Италияда бірінші сыныпқа барған болатын. Егер оны жүргізуші куәлігі сатылмайтын мемлекетке жібергенімде, немерем сол жақта бәлкім, қазір мотоцикл немесе велосипед айдап жүретін еді», – деп күрсінді Олжас Сүлейменов.

Бұған қоса, қоғам қайраткері Алматыда көлік айдауға қорқатынын жеткізді.

«Көлікті айдай алмайтынына қарамастан, жүргізуші куәлігін сатып алатын адамдарға кешіріммен қарауға болмайды. Олар осы әрекеттерімен адамдардың өмірін қияды. Біздің елде бұл бір дәстүрге айналды. Мен, мәселен, Францияға немесе Италияға сапар шеккенімде ол жақта үнемі көлік айдап жүремін. Ал Алматыда мен көлігімді мүлдем қолданбаймын. Себебі мен біздің жүргізушілер мен жолдарға сенбеймін. Тұрғындардың көлік жүргізуі – сол мемлекеттің мәдениетінің көрінісі. Демократия деген де осы. Мысалы, демократия бар елдердің азаматтары жүргізуші куәлігін сатып алмайды. Ал куәлікті сатып алып, адам өміріне балта шабатын тұрғындары бар мемлекетте демократия жоқ. Бұл менің осы уақытқа дейін ойыма түйгенім», – деді ол.

Еске салсақ, Ескендір Сүлейменов 2018 жылы маусымда Нұр-Сұлтанда жол апатынан қаза болған еді. Оның өліміне кінәлі бойжеткен ішкі істер департаментінің басшысының қызы екені анықталды. Ол екі жылға сотталып, былтыр бостандыққа шықты.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.