ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ІСІ НЕЛІКТЕН ТҰРАЛАП ТҰР?

0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төраға­лы­ғы­мен өткен аппараттық кеңес отырысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ол үшін алғашқы жұмыс орындарын ашып, қайтарымсыз грант бөлу, осы бағытта бөлінген қаражатты нақты уақытында нәтижелі игеру мәселелері талқыланды. Десек те берілген тапсырма, белгіленген межеге бес ай өткенімен, көрсеткіштер көңіл көншітерлік емес.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 31 мамырына  барлығы 23 098 адам қамтылып, оның ішінде 16 487-сі жұмысқа орналасқан. Соның өзінде мәселеге жауаптылар жоспар жүз пайыз орындалды деп ауыз толтырып айта алмады.

Десек те биыл бағдарламаның  1-бағыты негізінде қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 962 адам  жолданса,  2-бағыты аясында 626 адамға 3116,1 миллион теңгенің шағын несиесін беру жоспарланып отыр екен.

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өздеріне ауыл бойынша қаралған қаржының 65,0 пайызын игеріп отырса, қалалар  бойынша өздеріне берілген 616,1 миллион теңге қаржының 104,6  миллион теңгесін, яғни 17 пайызын, ал аграрлық несие корпорациясы бөлінген қаржының 23 пайызын игерді. Соның ішінде аудандардағы несие серіктестіктері бөлінген қаржының 24  пайызын, «Тараз» МҚҰ бөлінген 150,0 миллион теңгенің 12  пайызын ғана, «Атамекен-Тараз» МҚҰ бөлінген 65,0 миллион теңгенің 36  пайызын игеріп отыр. Несие қаражатын ауылдарда игерудің орташа көрсеткіші 52 пайызды құрап отырғанымен, Сарысу ауданында – 5
пайыз, Меркіде –  39,6, Таласта – 42,5, ал Жуалыдағы көрсеткіш – 43,4 пайыз. Сондай-ақ  қайтарымсыз грант қаражатын игерудің облыс бойынша орташа көрсеткіші 74,3 пайызды құрап отырғанымен, Байзақ және Меркі аудандарында қаржы игеру деңгейі төмен, – деді облыс әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков.

Қала демекші, Қаратау қаласында қаржы игеру деңгейі 1,9 пайыздан аспаған. Сол секілді алғашқы жұмыс орындарына  бүгінгі күнге тек Тараз қаласынан 5 адам,  Мойынқұм ауданынан 1 ғана адам жолданыпты.

Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың да статистикалары көз қуантып, көңіл сүйсінтпеді. «2020 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 58 жобаға 416,1 миллион теңге несие берілді. Нәтижесінде 33 жаңа жұмыс орны құрылды», – деген оған Бердібек Машбекұлы:

– 33 жұмыс орның көп пе? Өңірде қырық мыңға жуық адамды қамтуымыз керек, оның ішінде 18 мыңы тұрақты жұмыс орындары. Біз өзіміз жоспарлы түрде жұмыссыздарды көбейтеміз. Қандай мамандықтарға сұраныс, қанша вакансия бар? Мәселен Қазфосфатқа жылда 200-ге жуық маман керек.Ертең Еурохимда да солай болады. Қалалар бойынша игерілген қаржы 17 пайыз деген не сұмдық? Мемлекет басшыларының ең негізгі тапсырмаларының бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту. Сіздер мемлекет тарапынан жеңіл­де­тіл­ген пайызбен берілген ақшаны толығы­мен игере алмай отырсыздар. Кәсіпкер­лер­мен үгіт-насихат жұмыстары жасал­май­ды. Олардың қаншауы оқыды, қаншасы кәсібін ашты? Бірінші кезекте тұрақты жұмыспен қамту болса, екіншісі грант мәселесі. Бөлінген гранттардың нәтижесі қандай? Берілген қаржы толығымен игерілуі керек. Алғашқы жұмыс орындары бойынша да жұмыс нашар. Нұржан Молдиярұлы, Алмас Өскенбайұлы, қадағалау керек! – деп салалық орынбасарларына нақты тапсырма берді.

Ал мәселеге жауаптылардың мәліметінше, аймақта 26 мыңға жуық жұмыссыз болса, олардың 9 мыңға жуығы ресми тіркелген. Сол секілді 587 вакансия бар екен.

Ал бөлінген қаражаттың 83 пайызы ауыл шаруашылығы бағытында жұм­са­лып­ты. Жиын барысында өндірістік бағытқа басымдық беру жайы да айтыл­ды. Өңір басшысы онлайн байланыс арқылы көрсеткіштері көңіл көншітпей, көш соңында тұрған Меркі, Талас, Мойынқұм, Сарысу, Байзақ ауданы әкімдеріне де жұмысты жүйелеуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе, яғни ерекше қауіпті және зиянды организм­дерге қарсы күрес шара­ла­ры, алқаптарға химиялық өңдеу жұмыс­тары, фитосанитарлық бекеттер, өсімдіктер карантині бойынша ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Қаныш Әлиев баяндама жасап, ұсыныстарын ортаға салды.

Бердібек Машбекұлы әсіресе балалардың жазғы демалысы кезінде кенемен күресті күшейтуді атап өтіп, көкжелекті еш уақыт жоғалтпастан, дер кезінде зиянкестерден қорғау қажеттігін жеткізді.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.