Діни сауатсыздық – ұлтқа төнген қауіп

0

 

Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отырғанын баса айтқан еді. Дінді желеу етіп ел арасына іріткі салатын топтардың да бар екенін айта келе, ол жайт ел тұтастығына, дінаралық татулыққа, жалпы ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретінін атап көрсеткен еді.

Жалпы қай кезде де болмасын ел ішінде діни экстремизмнің насихатталуын болдырмау, оның алдын алу, жұртшылықтың, әсіресе, жастардың жат ағымға ілесуіне жол бермеу басты мәселе. Өйткені дін мәселесі кез келген қоғам үшін өзекті. Осыны ескерген облыс әкімдігі дін істері басқармасы Халықаралық Тараз инновациялық институтында облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібектің қатысуымен «Жастар арасында діни танымды қалыптастыру жолдары» тақырында жиын өткізді.

– Бүгінгі жиынға студент жастардың қатысқаны өте орынды. Себебі, біз діни сананы жастар бойында берік қалыптастыруымыз керек. Сонымен қатар жастардың иммунитетін дін қатерлерімен күресе алатындай деңгейге жеткізуіміз қажет. Діннің асыл қасиеттері жайлы Бұқар жыраудың, Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің еңбектерінде көп айтылады. Ұлт болашағы осындай құндылықтарды бойына сіңіргендері жөн. Жастарға қатысты ұйымдар мен жоғары оқу орындарында, колледждерде төл тарихымыз терең оқытылып, имандылықтың асыл қасиеттері түсіндірілсе, студенттердің діни сауаты жоғарылай түсер еді. Сонда ғана жастардың өмірге құлшыныстары, дінге деген көзқарастары ерекше болады, – деді жиынды ашқан Дәулет Жамаубайұлы.

Облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы жиын барысында елімізде 1999 жылы терроризмге қарсы, сәл кейінірек экстремизмге қарсы заңдар қабылданғанын сөз етті. Оның айтуынша, түрлі ағымдардың жетегіне еріп, шетел асқан 600 қазақстандық азамат бүгінде елге қайтарылыпты. Сол үшін де Н.Ұласбекұлы өңіріміздегі жастардың саны халықтың 21,1 пайызын құрайтынын айта келе, өскелең ұрпақпен осы тұрғыда белсенді жұмыс жүргізу аса маңызды деп санайды.

Жиында «Облыстағы жастар мен жасөспірімдер арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар» тақырыбында облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров баяндама жасап, бірқатар мәселелерге тоқталды. Жангелді Жайлауұлы елімізде төрт жоғары оқу орны, тоғыз медресе дін қызметкерлерін даярлайтынын, онда жамбылдық 151 студент білім алып жатқанын баяндады. Ал облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлы имандылықтың асыл қасиеттері туралы ой қозғады.

Кездесуді қортындылаған Дәулет Кәрібек дін саласындағы жұмыстар қашанда маңызды екенін тілге тиек етіп, бұл бағыттағы жұмыстар үнемі назарда болатынын, қай кезде де жастармен бірлесіп жұмыс істеу маңызды екенін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.