Атымтай жомарттар ауыл спортына да көңіл бөлуде

0

«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады…», – деген еді осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Расында да қазір аталған бағдарлама аясында туған ауылының ажарын ашуға атсалысып жүрген атымтай жомарттардың қатары ел ішінде көбейе түскен. Тіпті, бір кездері жұрт болашағына күмәнмен қараған шалғайдағы шағын елдімекендердің де тамырына қан жүгіруіне еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруы себеп болса, ондағы әртүрлі нысандардың бой көтеріп, салтанаты сән түзеуіне осы бағдарлама арқау болып отырғаны шындық.  Мәселен Талас ауданы, Берікқара ауылдық округі, Майтөбе ауылында жақында футбол алаңшасы ашылды. Ол нысан да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында салынып отыр. аталған спорттық нысан үшін 18 миллион теңгеге жұмсаған кәсіпкер оны Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тарту етіп отыр. Аймақтағы бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып, ауыл жастары үшін жағдай жасап, осы алаңды салуға күш салған кәсіпкер Еркінбек Қуатбековтің ерен еңбегі ел мерейін үстем етуде.

Тегінде қазақ халқы ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап отырғаны шындық. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала болғандықтан Берікқара ауылдық округі спорттың кез келген түрін дамытуға баса ден қойған. Соның арқасында ауыл тұрғындарының 32,5 пайызы, яғни 740 адам спортпен тұрақты шұғылдана бастаған. Оның ішінде 14 жасқа дейін 157, 14-29 жас аралығында 270, 29 жастан жоғары 313 азамат сан салалы спорт түрлерімен айналысып жүр екен.

Жалпы ауыл жастары бос уақыттарын футбол және бокс үйірмелерінде өткізетін көрінеді. Қос үйірмеге жалпы саны 64 бала қатысады екен. Аядай ғана ауыл үшін бұл үлкен жетістік екені ақиқат. Келешекте дүбірлі додаларда топ жаратын майтөбелік ұландар үшін қазірден бастап жағдай жасалып жатқаны бізді де қуантады.

Жалпы бұл ауылда ғана емес ауданның кез келген елді мекенінде осындай әртүрлі спорттық нысандардың көптеп салына бастауы халықтың саламатты өмір салтына ден қоюының көрінісі еені даусыз. Одан бөлек, биліктің де халық қажеттілігін өтеу үшін қолғалған шаруаларының жемісі екені анық.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.