«Ұлым жазықсыз сотталды». Алматылық әйел баласын босатуды сұрады

0

Алматылық әйел ұлының жазықсыз сотталғанын айтып, тиісті органдардан көмек сұрады. Әлия Бижанова 35 жастағы ұлы жала жабу құрбаны болды деп есептейді. Тергеу құжаттарына қарағанда, оқиға 2019 жылы Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай елдімекенінде болған. Әйелдің айтуынша, Алматыда құрылыс саласында жұмыс істейтін ұлы Эрнст Хамидуллин фирма күзетшісі Отаналы Төлепбергеновпен бірігіп Арман Жайсан деген азаматты өлтірді деп айыпталып жатыр.

Тергеу барысында бір жерде жұмыс істейтін үш адамның жанжалдасуы барысында адам өлімі болғаны анықталған. Алайда, кінәні өз мойнына алған Отаналы Төлепбергенов ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлімі — адам өлтіру дерегі бойынша 11 жылға сотталады. Ал серіктестік басшысы Эрнст Хамидуллинге «қылмысты біле тұра, тиісті органдарға хабарламады» деген айып тағылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылыпты.

«Ұлым 2014 жылы «КазСтройПродукт» деген атпен фирма ашқан болатын. Ал қайтыс болған бала 2016 жылы баламның компаниясына жұмысқа кірген. Олар жақсы дос болды, балам оған үй салып беруге көмектесті. Осылай 3 жыл жұмыс істеді. Менің үйіме күнде келіп жүретін. Құрылыстан қалған құрал-саймандарды алып келеді. Бірақ екеуінің араздасып қалғанын көрген емеспіз. Сосын мен осындай жағдай болғанын естігенде таңғалдым. Марқұм болған баланың аты-жөні — Арман Жайсан. Арман мен менің ұлым Эрнст Хамидуллиннің арасында реніш, төбелес болмаған еді. Тендер алып, бірге жұмыс істеп жүрген. Алған ақшасын әлі игеріп бітпеген, олар қалай осындай қадамға барады? Біреуі екеншісін өлтірді деу қисынға келмейді. Ал, Отаналы Төлепбергенов деген — осы оқиғаның ненгізгі кейіпкері. Керісінше, оның Арманмен қарым-қатынасы дұрыс болмаған екен. Сотта бәрін айтты, кінәсін мойындады. Эрнсттің бұл өлімге қатысы жоғын айтып, түсінік беріп отыр. Бәрібір екінші сотында судья осындай үкім шығарды. Неге екенін түсінбеймін. Егер менің балам өлтірсе, өлтірді деп айтар едім. Шынымен отырғызсын деп. Жауап беруі керек. Мысалы, экспертиза да киімін көрсетті. Машинасын тексерді. Қан жоқ. Менімен бірге адвокатым да жазды.

Көмек іздеп жүрмін. Қайа барарымды білмеймін. Екі жылдан бері шаршадық. Әділдік керек. Бір судья 4 жыл деп үкім шығарды, тағы бір судья 15 жыл деп шығарды. Осыны түсінбеймін. Қазір баламның жағдайы қиын болып тұр. Соған көмек іздеп жүгіріп жүрмін. Ұлым әділетсіз сотталды. Соны қараса екен деп тілеймін», — дейді алматылық тұрғын.

Алматы облыстық қылмыстық істер жөнінідегі сот алқасы кәсіпкерді қылмысты уақытында хабарламағаны үшін айыпты деп тапқанымен, көп ұзамай іс қайта тергеуге жіберілген. Алматы облысының маманандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты 2021 жылы 22 қаңтарда Э. Хамидуллин мен О. Төлепбергеновтің әрқайсысына 15 жылдан қайтадан үкім шығарады. Күдіктілер ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлімі бойынша (алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтірген) деп айыпталды.

Сотталушылардың туыстары Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына аппелияциялық шағым түсіргенімен. Бірақ 2021 жылы 30 наурызда бұрынғы үкім өзгеріссіз қалған. Екі азамат та Алматыдағы СИ-18 уақытша оқшаулау изоляторында қамауда отыр.

Әлия Бижанова баласының кінәсіз екеніне сенімді. Сондықтан Жоғарғы сотқа шағым жазып, баласының ісін қайта тексеруді сұрап отыр. Әйелдің айтуынша, істі биыл 3 мамырда Жоғарғы сот қабылдаған. Енді оның бар үміті осы соңғы инстанцияда.

azattyq-ruhy.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.