Асыраушы салада атқарылар іс көп

0

Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 768,5 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 46,8 мың (6,5 пайыз) гектарға артыпты. Бұған барлық аудандарда егістік алқабының ұлғаюы есебінен қол жеткізілген көрінеді. Әйтсе де Байзақ ауданында көкөніс және бақша дақылдары өткен жылмен салыстырғанда аз орналастырылыпты. Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов айтты. Оның сөзінше, мал азығы үшін биыл 230 мың 122 гектарға сайдалып, алқап көлемі былтырғыға қарағандасалыстырғанда 13 514 гектарға артқан.

– Биыл себілген элиталық тұқым көлемі 12 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға артты. Алдағы уақыттағы түсім үшін 94,4 мың тонна тұқым себіліп отыр. Былтыр егілген күздік бидайдың «Бригада» элиталы тұқымының 518 тоннасы Шығыс Қазақстандағы тұқым шаруашылықтарынан алынған болатын. Осы жолыда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Алматы облысында орналасқан «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандарымен бірігіп, әр ауданда тұқым өсіру шаруашылықтарын ашуды да жоспарлап отырмыз. Осы арқылы әр ауданда ашылған шаруашылықтар диқандарды жоғары сұрыпты бидай тұқымымен қамтамасыз ететін болады, – деді Қайрат Тілеубайұлы.

Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы жауапты науқан сәтті аяқталғанмен, әлі де болса көңіл аударарлық мәселелер бар екенін алға тарты.

– Көктемнің кеш келуіне қарамастан егіс науқаны ойдағыдай аяқталды. Берілген тапсырмалар орындалды. Ендігі мақсат – еңбекті еш кетірмей, күзде жақсы өнім алу. Ойдағыдай өнім алу үшін алдымен суды үнемдеп, дұрыс пайдаланған жөн. Егіс алқаптарын тыңайтқышпен құнарландыру да маңызды мәселе. Одан кейін ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына, басқа да жауаптыларға қанша мәрте тапсырма берілсе де биыл да үшінші, төртінші репродукциялы тұқымдар егілген. Сапасы нашар тұқым егіп отырып, мол өнім алу туралы қалай айтамыз, – деді Б.Сапарбаев.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, су тапшылығы мәселесін шешу, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы құрылымдарын несиелендіру, шаруаларды отандық тыңайтқышпен қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелер сөз болған жиында Б.Сапарбаев орынбасары Нұржан Нұржігітов пен Қ.Аманов сынды салаға жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.