Жамбыл ауданында түлектер арка орнатты

0

Аптаның әр күні түлектердің жан жадыратар жаңалықтарына толып келеді.

Бұған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жомарт түлек» жобасы сеп болып отыр.

Жуырда ауданымызда осы жоба аясында аудандық форум өтіп, оған шет мемлекеттерде, елімізде түрлі салада жауапты қызметте жүрген 420-дан астам түлек қатысқан болатын. Сол форумда аудан әкімі Сәкен Арубаев туған өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан бірқатар азаматты атап өтіп, оларды салтанатты жағдайда марапаттап, құрмет көрсеткен еді.

Аталмыш басқосуда Сәкен Қаланұлы уақытысында қанат қатайтып, білім алып, түлеп ұшқан оқу ордасына қайта қайырылып, ауылдың ажарлануына, мектептің гүлденуіне үлес қосу азаматтық міндет екенін айтты.

Нәтижесінде, аудан көлемінде 18 жобаны жүзеге асыруға 118 млн теңге түлектердің демеушілігімен тиянағын табатыны анықталды. Бұл аудан азаматтарының игілікті іске құлшынып тұратынын, қолы ашықтығының айқын көрінісінен сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырды.

Осы орайда білім ордасынан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан (2001 жыл) сыныптастар «Жомарт түлек» жобасы аясында ауылына, мектебіне із қалдырып жатқаны көңіл қуантады.
Солардың ішінде Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектебінің 1984 жылғы түлектері де бар. Сыныптастар Ш.Ниязбеков ауылының (Бұрынғы Бесжылдық ауылы) кіре берісіне биіктігі 6 метр, ұзындығы 11 метрді құрайтын арка орнатты. Ауыл ажарын аша түскен қақпаға 1,5 млн теңге қаражат жұмсалған.

Қақпаның кермесін аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, ауыл ақсақалдары Ғаби Биболов, Құлымбет Жүндібаев, Тұрлыбай Абсаматов қиып, түлектерге ізгі-тілектерін жеткізсе,
игі істің басы-қасында жүрген Данияр Алежанов сыныптастарының ұйымшылдығын тілге тиек етіп, ауыл ажарын ашуға бірге атсалыса беруге ауылдастарын шақырды.

Ақжігіт Жетпісбай
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.