Елге құрмет еселене береді

0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен басталған «Жомарт түлек – 2021» түлектер кездесуі Байзақ ауданында игі жалғасын тапты. Кіндік қаны тамған жері мен халқына деген сүйіспеншіліктен туған осындай игі іс-шаралар патриоттық сезімді күшейтіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосары сөзсіз.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан орталығында ұйымдастырылған «Жомарт түлек – 2021» форумы елге белгілі сан салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал байзақтықтарды туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру мақсатында өтті.
Шара шымылдығы «Байзақтың танымал түлектері» атты бейнебаянмен ашылды. Форумды ашып берген аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайрат Исмаил Байзақтан шыққан, әр салада жетістікке жеткен тұлғалар мен елі үшін қалтқысыз қызмет жасап жүрген, тәуелсіз еліміздің мақтан тұтар азаматтарының есімдерін атап өтті.
– Кіндігі кесілген туған жеріне, халқына қызмет ету, жақсылық жасау – ізгілікті іс. Алдағы уақытта да жаны жомарт, мәрт түлектердің қайырымды тірліктері жалғасын табатындығына сенімдімін, – деген Қайрат Исмаил форум жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ ауданның айтулы түлектері, атап айтқанда, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалиев, Талас ауданының мәслихат хатшысы Кәдірбек Садубаев, спорт ардагері Тәуірбек Қарауылтегі, ауданның Құрметті азаматы, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр, Тараз қаласындағы «Қазмұнайгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас төрағасы Асылбек Жантаев, облыс әкімдігі білім басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Гүлзира Дарибаева ретімен сөз алып, жетістікке жету тәжірибелері және туған ауылдары туралы естеліктерімен бөлісті. Алыс-жақын шет мемлекеттерде еңбек етіп жүрген табысты түлектердің бірқатары онлайн байланыс арқылы шараға қатысып, оралымды ойларын ортаға салды.
Тағылымды тәрбиелік маңызға толы кездесуде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Исмаил жоба арқылы 2020-2021 жылдары аудан аумағында демеушілік жасап, қолдау көрсеткен бірқатар азаматты аудан әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапаттады. Кездесу соңында қонақтар Сарыкемер мектеп-гимназиясының базасындағы «Түлектер орталығының» ашылу салтанатына қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.