Шу ауданында «Жомарт түлектер» кездесуі өтті

0

«Жомарт түлек» жобасы аясында Шу ауданы мектептерінде тұңғыш рет белсенді түлектер және түлек жолы кіші жобалары жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты мектеп бітірген түлектермен мектеп арасындағы байланысты нығайту, жетістікке жеткен мектеп түлектерін насихаттау болып табылады.«Талас – ақындар мекені, Шу – әкімдер мекені» деген сөздің дәлеліндей, мерейі үстем, бірлігі бекем, жасампаз мекен, Қазақ хандығының қазығы қағылған Шу топырағынан ел тұтқасын ұстаған Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлері мен саясаттанушы, профессорлар сынды талай тау тұлғалар шыққан.

Атап айтсақ Қасымбеков Махмұт Базарқұлұлы – Шу қаласы, С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің түлегі. ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, Қалмырзаев Сарыбай Сұлтанұлы – Жаңажол ауылы, Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің түлегі. ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы, президенттің іс басқарушысы, ҚР экономикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарған, Қарбозов Қозы-Көрпеш – Төле би ауылы, М.Әуезов атындағы орта мектебінің түлегі. Генерал-майор. «ҚР ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері», «ҚР мемлекеттік Тергеу комитетінің құрметті қызметкері», 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен және бірнеше медальдарымен марапатталған, Жабағиев Қожахан Көкірекбайұлы – Бірлікүстем ауылы, Домалақ-ене орта мектебінің және Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің түлегі. ҚР Парламент мәжілісінің 5-6 шақырылым депутаты, Асанғазы Оразкүл Асанғазықызы – Төле би ауылы, М.Әуезов атындағы орта мектебінің түлегі.

Оңтүстік Қазақстан облысындағ Әл-Фараби ауданының әкімі және Астана қалалық тіл басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. ҚР Парламент мәжілісінің 5-шақырылым депутаты, Бөрібай Жексенбин Биқожаұлы – Домалақ-ене орта мектебінің түлегі. ҚР Президенті әкімшілігінде ұйымдастыру және бақылау бөлімінің инспекторы, Жамбыл облысы әкімі, ҚР-ның Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған, Көкірекбаев Кәрім Нәспекұлы – Шу қаласы, Абай орта мектебінің түлегі.

Темір жол саласында бірнеше рет басшылық қызметі мен қатар аудан және облыс әкімі қызметтерін атқарған, Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы – М.Әуезов орта мектебінің түлегі. Шу ауданының құрметті азаматы. Қазақстандық тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы профессор. ҚР-ның ұлттық ғылым академиясының академигі, Әліпбеки Оңғарбек Әліпбекұлы – Төле би ауылы, М.Әуезов орта мектебінің түлегі. ҚР жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы. ҚР президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері. Білім және ғылым саласында Ресей, Голандия, Ұлыбритания елдерінде біліктілігін арттырған тамаша ұстаз, академигі сынды азаматтарымызды мақтан тұтамыз.

Шу ауданында әлі де тарихқа еніп, болашаққа үлгі бола алатын талай жандар бар. Қызметіндегі шеніне емес, елдің ықылас-сеніміне ие болған азаматтар тізімі уақыт еншісінде жыл санап артып, жаңарып, толықтырыла бермек. Бұл атаулы кездесу Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында облысымызда тұңғыш рет өткізілген «Жомарт түлек» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған «Жомарт түлек — Шу» түлектерінің кездесуін аудан әкімі Нұржан Календеров жүргізіп отырды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Шу ауданы мектептерін 30 мыңнан астам түлек бітірген көрінеді. Бүгінгі кездесуге офлайн және онлайн форматта 500 жуық түлектер қатысты. Бүгіннің өзінде осы кездесуге қаншама еңбек ерлері, мемлекеттік қайраткерлер, мәдениет саласындағы майталмандар, көк туымызды сан мәрте желбіреткен спортшылар, ардақты ұстаздар мен танымал бизнесмендеріміз, еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шет елдерден –Түркия, Израиль, Ресей, Америка және тағы басқа да мемлекеттерден қатысып отырды. Сонымен қатар Қонаев ауылындағы Төле би атындағы орта мектеп базасынан «Түлектер орталығы» ашылды. Ол жерде ауданнан шыққан көптеген белсенді Жомарт жүрек түлектердің фото шежірелерінен құралған альбомдар қойылған.

Шу ауданының түлектері Махмұд Қасымбеков, Болат Сауранбаев, Илияс Тортаев басқа да меценаттармен бұндай «Жомарт түлек» жобасы қолға алынбай тұрған кезде де демеушіліктер көрсетілгенін атап өткім келеді.Соңғы 3 жылда меценат түлектердің бастамасымен 700,0 млн теңгеден астам көлемде көмектер көрсетіліп келген.

Белбасар ауылына Болат Сауранбаев спорт кешенін, Шу қаласына Юрий Цхай «Тарлан» спорт кешенін, Ғалия Әбітаеваның бастамасымен ауданның кәсіпкерлері медицина мекемелеріне 60,0 млн теңгеге ИВЛ аппараттарын, Қонаев ауылы, Төле би мектебінің түлектері заманауи үлгідегі (7700,0 теңге) кіші футбол алаңын салып, Көкқайнар ауылы, Саттар Естемесов атындағы орта мектебінің түлегі Марат Сырлыбаев (4500,0 теңге). математика кабинетін жабдықтап күрделі жөндеуден өткізген.

Сонымен қатар, басқа да көптеген түлектеріміз өз мектебіне, ауылына, ұстаздарына демеушілік көрсетіп, оқушылармен 34 мотивациялық кездесу өткізіп, мектебінен әлі күнге дейін қол үзбей рухани байланыста екенін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.