Тоқаев пен Рахмон Душанбеде Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесін де талқылады

0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 19 мамырда Душанбеде шағын форматта екіжақты келіссөз өткізді. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады. Тоқаев қазір Тәжікстанда ресми сапармен жүр, бұл оның биыл шетелге жасаған алғашқы сапары.

Тараптар «қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін», «саяси диалогты нығайтуға ерекше көңіл бөле отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жағдайын» талқылаған.

Осыған дейін ресми сапардың тәжік-қырғыз шекарасында болған қарулы қақтығыстан кейін ұйымдастырылып жатқанына көңіл бөлген кейбір сарапшылар сапарға Қазақстанның осы мәселеде «бітімгер болу талпынысы» да әсер етуі мүмкін деп айтқан. Ақорданың 20 мамыр күні таратқан хабарламасында екі ел басшысы «Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық құрылымдар аясында өзара ықпалдастық мәселелерін» сөз етті деп қана жазылған. Басқа ақпарат жоқ.

Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада «Өзара тиімді әріптестік пен аймақ тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша серпін беру үшін [тараптар] 21 ғасырда аймақтағы достық, тату көршілестік пен әріптестік туралы бесжақты келісімнің тұжырымдарын алға жылжытуға дайын екенін білдірді» делінген.

Бұған дейін президент Тоқаев 28-30 сәуірде Ферғана алқабында болған қарулы қақтығысқа байланысты алаңдаушылық білдіріп, екі жаққа да тиімді шешім іздеп, тараптардың өзара сенімін қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтқан еді. 3 мамырда Тоқаев қос мемлекет басшысымен сөйлесіп, оларды ұстамды болуға үндеген.

28-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында болған жанжалдан 50-ден астам адам қаза болған, жүздеген адам зардап шеккен. (Қырғыз жағы 36 қырғыз азаматы, тәжік тарабы 19 адамның опат болғанын хабарлады). Екі жақ бір-бірін жағдайды ушықтырды деп айыптап, қылмыстық істер қозғаған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.