Бір отбасындағы үш ағайындының жүрегіне трансплантация жасалды

0

Қазақстанда 81 азамат өзгенің жүрегімен өмір сүреді, ал 140-қа жуық науқас жүрек тансплантациясына мұқтаж. Бұл Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығының келтірген статистикалық деректері.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіншек, 2008 жылдан бастап әлемнің 104 елінде жыл сайын ағза ауыстыру бойынша 100 800 операция жасалады. Оның ішінде 69 мыңнан астамы бүйрек, 20 мыңға жуығы бауыр, 5 жарым мың жүрек, 3 400-і өкпе және 2 400-і ұйқы безін ауыстырған екен.

Қазір еліміздегі ірі клиникаларда аталған операция түрлерінің барлығы да жасалады. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда ағзаларды алуды жүзеге асыратын 40 донорлық стационар, транспланттау бойынша ота жүргізуге лицензиясы бар 7 транспланттау орталығы қызмет етеді. Соның ішінде жүрек трансплантациясы Орта Азия бойынша тек Қазақстанда бар.

«Жүрек трансплантациясын жасау 2012 жылдың тамыз айынан басталды. Содан бері 81 адамға трансплантация жасалды. Бірақ соңғы жылда пандемияға байланысты операциялар жиі жасалып жатқан жоқ. 2019 жылы алты, 2020 жылы екі адамның ғана жүрегі ауыстырылды. Себебі коронавирус індетінің кең етек жаюына байланысты донор табу оңай болмай жатыр», — деді  Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының дәрігері Гүлжан Мырзахметова.

Ұлттық ғылыми кордиохирургиялық орталығына келіп, жүрек трансплантациясын жасатқандардың бірі — 46 жастағы алматылық Айгүл Бұрханова. Науқас тұқым қуалаушылық жолымен жүрек ауруына шалдыққан екен. Бұл туралы Ұлттық ғылыми орталығының әлеуметтік парақшасында жазылған.

«…Біздің отбасының жағдайы ерекше. Әңгіменің басын айтсам, марқұм анамыздың жүрегі ауыратын еді. Ол кезде өкінішке қарай, бұл орталық әлі ашылмаған. Анамыз 2002 жылы өмірден озды. Араға 14 жыл салып, менен он жас кіші сіңілімнің денсаулығы сыр бере бастағанда, мәселенің анық-қанығын анықтаған соң жүрегінде ақау барын біліп, осы орталыққа келдік. Сіңіліме 2017 жылы 20 сәуірде алғаш рет трансплантация жасалды. Алғашында қорқыныш сезімі болған. Бұл жайлы естуіміз болса да, көрмеген соң, қабылдау қиын болды. Бірақ, ота сәтті аяқталып, қазір сіңліміз аман-есен өмір сүріп жатыр», — деп жазған Айгүл Бұрханова.

АЛТЫ АҒАЙЫНДЫНЫҢ БЕСЕУІНЕ БІРДЕЙ ДИАГНОЗ ҚОЙЫЛДЫ

Араға жарты жыл салып, Айгүл Бұрханованың туған інісі де жүрек трансплантациясына мұқтаж жандардың «күту парағы» тізіміне ілігеді. Бірқатар ем шаралары мен талдау нәтижелері шыққаннан кейін клиника дәрігері отбасы мүшелерінің барлығына медициналық тексерістен өтуге кеңес береді. 6 айдан соң алты ағайындының бесеуіне «Кардиомиопатияның отбасылық формасы» диагнозы қойылған екен. Ал артынша бауырлардың біріне кезекті жүрек трансплантациясы жасалыпты.

«Ол кезде сіңліме ота жасалған соң ба, хабарымыз болып, бұрынғыдай қорқынышпен емес, сеніммен қарадық. Оның үстіне осы орталық дәрігерлерінің жоғары кәсібилігіне күмәніміз қалмады, бір Аллаға тапсырып, дәрігерлердің көмегінен қайырлысын күттік. Бұл жолы да айымыз оңынан туып, 2017 жылы 27 шілдеде ініме жүрек ауыстыру операциясы жасалып, қазір аяқ-қолы бүтін, дені сау адамның өмірін жалғастырып, ортамызда жүр», — деп бөлісті Бұрханова.

Дегенмен, дерт Айгүл Бұрханованың өзін де айналып өтпеді. 2020 жылдың 21 тамызында дәрігерлер келіншектің жүрегіне трансплантация жасап, ағзасына жас әйелдің жүрегін салады.

«Ендігі кезек маған түскенін былтыр түсіндім. Тексерістер, қан талдаулары, барлығы да үйреншікті болып көріне бастады. Алда не күтіп тұрғанын білгендіктен болар, қорқынышым болса да, сеніммен қарауға тырыстым. Сөйтіп, жүрек ауыстыруға менің де кезегім жетті. Жолым болды. Маған сай келетін донор табылғаны жайлы хабарды естіп, шүкір дедім. Сөйтіп, 2020 жылдың 21 тамызынан 22-не қараған түні маған жүрек трансплантациясы жасалды. Бұл ретте осы орталық ұжымына, дәрігерлерге үлкен алғысымды айтқым келеді», — деді Айгүл Бұрханова.

«ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯҒА ҚАТЫСТЫ ОЙЫМ ӨЗГЕРДІ»

Дәрігерлердің айтуынша, донорлық жүрек көбіне оқыс оқиғадан көз жұмған адамдардан алынады. Әрине, марқұмның ағзасын денесінен алдыруға жақындары көп жағдайда келісімін бермейтіні анық. Сол себептен қоғамда донорлық мәселесіне әлі де күмәнмен қарайтындар баршылық. Мұны көбі дінмен ұштастырады.

«Қазір трансплантология төңірегінде болып жатқан пікірталас көп, басымызға келмегенше, біз де донорлық мәселесіне бей-жай қарап, тіпті қарсы көзқараста болған едік. Бірақ өзімізге қажет болған соң ойымыз да өзгеріп, бұл саланың дамуы қаншалықты маңызды, әрі қаншама адамның өмірін құтқара алатынын пайымдай бастадым. Бұл жайлы да бір ойланып көрейікші дегім келеді», — деп жазған Айгүл Бұрханова.

Мамандардың айтынша, жүрегі ауыстырылған азаматтың өмір сүру ұзақтығы шамамен 20 жылды құрайды. Кей кездері бұл уақыт 35 жылға дейін де созылуы мүмкін екен.

«ДӘРІГЕРЛЕР БҮЙРЕК АУЫСТЫРУДАН БАСҚА АМАЛ ЖОҚ ЕКЕНІН АЙТТЫ»

Жүректен бөлек, елімізде бүйрек трансплантациясы да жақсы қарқын алып келеді. Өзгенің ағзасымен жүргендердің бірі — елордалық Зәмзәгүл Исмаилова.

«Бала күнімде бүйрегіме суық тигізіп алғанмын. Содан уақыт өткен сайын сырқатым күшейіп, дәрігерлер пиелонефрит диагнозын қойды. Ал 37 жасымда бүйрегімнің жұмыс істеу функциясы бұзыла бастады. Ал 2009 жылы дәрігерлер бүйреу ауыстырудан басқа тиімді жол жоқ екенін ескертті. Бірақ оған дейін екі бала босанып үлгердім. Осы денсаулығымының нашар болуына байланысты екеуі де мерзімінен бұрын дүниеге келді», — дейді ол.

Зәмзәгүл Исмаилова 2009 жылдан 2013 жылға дейін үй жағдайында денсаулығын қадағалап, қажетті ем-домдарды жасап жүруіне тура келген. Алайда солып бара жатқан бүйрек сыр бере бастаған сәтте дәрігерлер донор табылғанға дейін бүйректің фунциясын жасанды аппараттың күшімен алмастырған екен.

 «Дәрігерлер менің бүйрегімнің жарамсыз екенін айтып, ағзада интоксикация басталғанын ескертті. Сол себептен диализдің (бүйректің функциясын алмастыратын жасанды процесс) көмегіне жүгіндім», — дейді Зәмзәгүл Исмаилова.

2015 жылы көптен күткен қуанышты хабар келіп, Зәмзәгүл Исмаиловаға бүйрегін беретін донор табылды.

«Орталықтан бізге хабарласқан кезде, бір сағаттың ішінде заттарымды жинап, клиникаға бардым. Барлық анализдерімді тапсырып, көп ұзамай операция жасалды. Сәйкестігі де жоғары болды. 6 жылдың ішінде денсаулығыма қатысты ешқандай шағымым болмады. 2-3 ай сайын міндетті түрде анализ тапсырып, нәтижесін қарап жүремін. Трансплантация жасалғаннан кейін бір жылдай үйде отырдым», — дейді Зәмзәгүл Исмаилова.

ЖОЛ АПАТЫНАН ҚАЙТЫС БОЛҒАН 18 ЖАСТАҒЫ ЖАС ЖІГІТТІҢ БҮЙРЕГІ БЕРІЛГЕН

Донордың аты-жөні құпия ақпарат. Сондықтан оның кім екенін тіпті науқастың өзі де білмеуі мүмкін. Алайда оның жынысы мен жасы айтылуы мүмкін.

«Білуімше, маған жол апатынан қайтыс болған 18 жастағы жас жігіттің бүйрегі салынды. Ата-анасы рұқсатын берген екен. Осы трансплантация кезінде бір қызық сәйкестік болды. Қайбір жылдары телеарналардан бір қыздың донорға мұқтаж екендігі туралы сюжетті көріп қалдым. Маған донор болған марқұм жігіттің  бір бүйрегі сол қызға берілген екен. Кейінірек мен ол қызды тауып алып, екеуміз жақынырақ таныстық, әлі де хабарласып, хат алмасып тұрамыз», — деді Зәмзәгүл Исмаилова.

Осылайша, сырқатынан сауыққан Зәмзәгүл Тілегенқызы бүгінде жеке кәсіпкерлікті қолға алып, өзінің аспаздық сауда дүкенін ашқан.

Бүгінде Үкімет денсаулық саласындағы трансплантация бағытына барынша қолдау білдіріп отыр.

Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оларды шетелдік клиникаларға жіберу — игі дәстүрге айналған үрдіс.

«Трансплантация жасайтын отандық дәрігерлер  трансплантацияның түріне байланысты әртүрлі елдерге барады: мәйіттік трансплантация бойынша  Батыс Еуропа (Германия, Нидерланды, Беларусь Республикасы және т.б.)  және АҚШ мемлекетіне, ал туыстық трансплантация бойынша Шығыс Азия мемлекеттеріне (Жапония, Оңтүстік Корея ) барып кәсібиліктерін шыңдайды. Аталған бағытта дәрігерлерді шет елдерде тәжірибе жинап, біліктілік алмасу үшін әр медициналық мекеме өзінің қаражатына жібереді. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы арқылы грантпен білім алып жатқан дәрігерлер де бар», — дейді «А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, трансплантолог-хирург Алмат Чорманов.

Сондай-ақ, былтырдан бастап елімізде аталған операциялар МӘМС аясында жасалып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибенің тиімділігі басым.

«Ағза трансплантациясы жоғарғы технологиялық ота болғандықтан қазіргі кезге дейін және қазір де тегін жасалуда. МӘМС-тің пайда болуы науқастар үшін трансплантацияға дейінгі және кейінгі кезеңдерде диагностикалық тексерулер, емшаралар жүргізу жеңілдеді» , — деп жауап берді Алмат Чорманов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

azattyq-ruhy.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.