Ұшақта қазақстандық сәбиді құтқарып қалған Түркия дәрігері марапатталды

0

Өмір мен өлім үстіндегі бала жанын ажалдан арашалап қалған түркиялық дәрігер марапатталды

Осыдан бірнеше ай бұрын Бішкектен Ыстанбұлға ұшып келе жатқан қазақстандық нәрестенің жүрегі сыр бергені туралы ақпарат тараған. Мұны естіген борттағы түрік депутаты әрі дәрігер Режеп Шекер жасанды тыныс алдырып, жүрегіне массаж жасап, сәбиді аман алып қалады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Шекерге «Ерекше батылдығы үшін» алғыс хатын жөнелтті.

Президенттің марапатын Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы түрік парламентінде табыстап, жүрек жарды алғысын білдірді. Салтанатты шараға Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісінің депутаттары мен қызметкерлері қатысты.

Өз кезегінде Режеп Шекер «Әрбір оқиғаның өзіндік мәні бар» деп, алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтындығын жеткізді.

«Оқиғаның болғаны өкінішті. Дегенмен, нәтижесі жақсы. Нәрестелердің отбасымен хабарласып тұрамыз. Тіпті бірнеше күн бұрын бейне жолдапты. Салмақ қосыпты. Аман болсын. Екі елдің бауырластық және достық қатынасына себепші болды. Ілтипат білдірген президент Қасым- Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіріп, бірер күн бұрын өткен туған күнімен құттықтаймын»,- деді дәрігер Режеп Шекер.

Еске салсақ, Ыстамбұлдан ұшқан ұшақтағы қазақстандық сәбиді түрік депутаты және дәрігер Режеп Шекер аман алып қалған. Белгілі болғандай, ол Түркия президенті Тайып Режеп Ердоғанның жеке дәрігері болып шыққан.

Бішкектен Ыстамбұлға ұшқан ұшақтағы жүрегі тоқтап қалған баланың анасы егіз балалардың бірін ауруханаға ота жасатуға алып бара жатқан.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.